Түркістан облысында қысқы соғымды қарызға алуға болады

Түркістан облысында қысқы соғымды қарызға алуға болады, деп хабарлайды Kazinform.

соғым
Фото: Kazinform

Күн суытып, күз түскелі көпшілік қысқы соғамдарын қамдап жатыр. Сондықтан, өңірде ет бағасы да құбылып тұр.

Базардағы баға мен мал бордақылайтын шаруалардың нарығында біршама айырмашылық бар. Дегенмен қос тарапта да етке сұраныс жоғары.

Жалпы қазіргі кезде базардағы жылқы етінің бағасы келісіне 2600-2700 теңгеден түспей тұр. Сиыр мен қой еті де соған шамалас.

Ал, мал бордақылап сататын шаруалардан жылқы етін 2200 теңгеден табуға болады.

Сондай-ақ, Түркістан облысында қысқы соғымды қарызға алуға да мүмкіндік бар.

«Жалақыдан беремін» деп келіссеңіз әр келісіне 100 теңгеден қосып төлейсіз.

«Қазіргі кезде біздегі жылқы еті 2200 теңгеден. Сатып алушы қалада тұратын болса, үйіне дейін жеткізіп береміз. Ал айлыққа жаздыртатын болса 2300 теңгеден беріп жатырмыз. Тұтынушылар арасында жағдайына қарай „желтоқсан айының жалақысына“, „қаңтар айының айлығына“ деп жаздыратындар бар», — дейді шаруа Димаш Еркін.

Түркістан облысындағы тағы бір ерекшелік — мұнда соғымға түйе етін алатындар да көп. Мәселен өңірдегі Созақ, Отырар аудандарының тұрғындары түйе етін көп тұтынады.

«Бір келісін 1700 теңгеден сатамыз. Ал, „ақшасын жалақы алғанда береміз“ деп келісетіндер үшін баға — 1900 теңге. Ауылда қысқы соғым үшін бір түйені тұтас сатып алатындар да бар. Ондай кездері түйенің келісіне қарап бағасын шығарамыз» — дейді созақтық шаруа Нұрбол Бейсүгіров.

Бүгін таңертең жарнамалық сайттардағы бағаларды да салыстырып көрдік. Соғымға арналған жіліктің келісі 2500 теңгеден тұр.

Ал бір жылқы алатын болсаңыз, қалтаңызда кемінде 400 000 теңге болуы керек. Содан бастап баға көтеріле береді.

Сондай-ақ, жарнамадан жілікті көтерме бағада ұсынып жатқандармен де сөйлесіп көрдік.

«Егер 5 жіліктен көп алсаңыз 2000 теңгеге дейін жеңілдік жасаймыз» — деді соғым сатушылар.