Түркістан облысында қыз алып қашқандар ұсталды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында бойжеткенді алып қашу дерегіне қатысты әлеуметтік желіде видео тарады.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күдік тудырған Kia маркалы автокөлікті тоқтатқан. Көлік ішіндегі бойжеткеннің қол бұлғап, көмек сұрағандай ишара жасағаны байқалған.
Көлік тоқтатылған сәтте бойжеткен салоннан жүгіріп шығып, полиция қызметкерлерінен көмек сұраған.
– Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында көлікте болған азаматтар полиция бөліміне жеткізілді. Аталған дерек бойынша некеге тұруға мәжбүрлеу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, – делінген ресми хабарламада.
Алайда бойжеткен кейін өзінің болашақ жұбайымен қарым-қатынасы өзара келісімге негізделгенін айтып, оқиғаны араларындағы жанжалдың салдары деп түсіндіріп, арыз жазудан бас тартқан.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша жан-жақты тексеру жүргізіліп, оқиғаның барлық объективті мән-жайы анықталып жатыр.
Бұған дейін Түркістан облысында сталкинг бойынша 6 іс сотқа жолданғаны туралы жазған едік.