Түркістан облысында қызғалдақ жұлған тұрғынға қатысты қылмыстық іс қозғалды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM- Қазір алқаптарға ескерту тақтайшалары орнатылып жатыр. 

Түркістан облысында қызғалдақ жұлған тұрғынға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Фото: Видеодан алынған скрин

Ордабасы ауданы Ұялыжар ауылдық округіндегі алқапта Қызыл кітапқа енген қызғалдақтарды жұлған Шымкент қаласының тұрғыны ұсталды.

Аталған жайт бойынша ҚК-нің 339-бабы «Өсiмдiктердің сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерін жою» бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған тергеу жүргізіледі, оның нәтижелері бойынша заңды шешім қабылданады.

— Полиция табиғатты қорғау заңнамасының бұзылуын анықтау үшін рейдтер мен әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіп жатыр. Сондай-ақ алқаптарға ескерту тақтайшалары орнатылып, түсіндіру жұмыстары істеліп жатыр. Тәртіп сақшылары Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді жұлғаны үшін заңға сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын еске салады, — делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.

Айта кетейік, бұдан бұрын Шымкентте антикор төрағасының бұрынғы орынбасары 11 жылға сотталғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар