Түркістан облысында қоғамдық орындарды ластаған 10 мыңнан астам адамға айыппұл салынды

Түркістан облысында қоғамдық орындарды ластаған 10 мыңнан астам адамға айыппұл салынды
Фото: Polisia.kz

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Қоғамдық орындар мен көшеде жасалған қылмыстардың саны бойынша Түркістан, Кентау қалалары мен Сарыағаш, Сайрам, Жетісай, Төлеби аудандары көш бастап тұр. Аталған мәселе Түркістан облысы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының отырысында жан-жақты талқыланды.

Өңірде бейнекамералардың көмегімен жыл басынан бері 100 қылмыс ашылып, 10 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Мәселен, кәмелетке толмағандар жасаған вандализм фактілері көшедегі бейнекамераларға түсіп қалған. Атап айтар болсақ, автобус аялдамасының әйнегін, көшедегі тренажер мен ойын автоматын сындырғандарға қатысты заңды шешім қабылданды. Биыл тағы 450 бейнекамера орнату жоспарланып отыр.

Облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағланбек Айтбаевтың сөзіне сүйенсек, Түркістан облысы бойынша қоғамдық орындар мен көшелерде 42 427 әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолы кесілген. Ал, ортақ пайдаланылатын орындарды ластау фактісі бойынша 10 614 жағдай анықталған. Қалалар мен елдi мекендердiң аумағын абаттандыруға зиян келтірген 3 736 бұзушылық фактісі тіркелген.

Ал қабылданған шаралардың нәтижесінде осы жылдың 5 айында қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 43-ке төмендеп отыр. Жалпы қоғамдық орындар мен көшеде жасалған қылмыстардың саны бойынша Түркістан, Кентау қалалары мен Сарыағаш, Сайрам, Жетісай, Төлеби аудандары көш бастап тұр. Қылмыстардың басым бөлігі түнгі уақытта жарықпен қамтамасыз етілмеген орындарда жасалған.

Маусым айының 20-сы мен 30 күндері республика көлемінде «Құқықтық тәртіп» іс-шарасының 3 кезеңі өтуде. Жеке құрам қоғамдық орындар мен көшелерде қылмыстарды болдырмау, оның ішінде жасөспірімдермен, оларға қатысты құқық бұзушылықтардың жолын кесу бағытында жан жақты жұмыс істеп жатыр.

Комиссиясының отырысында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесін шешу тек полицияның күшімен мүмкін емес екенін айтқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды жергілікті жерлерде бірлескен жұмыстарды атқару қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, қылмысты төмендету бойынша тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе нақты шаралар қабылдауды, осы бағытта жұмысты жалғастырып, қоғамдық қауіпсіздікті қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар
telegram