Түркістан облысында кір жуғыш ұнтақ жасаушылар брендтік белгілерді заңсыз қолданған

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Күдіктілер брендтік белгілері бар полиэтилен пакеттеріне сапасыз өнімді салған.

Түркістан облысы
Фото: Түркістан облысы ПД

Түркістан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Шымкент қаласында орналасқан контрофактілі өнімді дайындау бойынша жасырын цехтың қызметіне тосқауыл қойылды. 

Кентау қаласының екі тұрғыны брендтік белгілері бар полиэтилен пакеттерін алып, оған қолдан жасалған кір жуғыш ұнтақтарды салып сатқан. Күдіктілер бұл әрекеттерін Шымкент қаласындағы үйді жалға алып, сонда жасаған. 

«Полиция тексеру барысында цехтың ішінде контрафактілік өнімі бар 300-ден астам қапты, сонымен қатар әрқайсысы 40 келі болатын белгісіз ұнтақ тектес заттың 13 қабын, ұнтаққа қосу үшін дайындалған тұз тәрізді заттың 5 қабын тәркіледі. Сонымен қатар электронды таразылар және тағы да басқа айғақты заттар табылды. Қазіргі таңда жинақталған материалдар Шымкент қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментіне жолданды», - делінген Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта. 

Соңғы жаңалықтар