Түркістан облысында қуаңшылықтан мал қырылып жатыр деген ақпарат шындыққа жанаспайды – әкімдік

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысының әкімдігі әлеуметтік желілерде тараған, Келес ауданында қуаңшылық салдарынан төрт түліктің қырылып жатқаны туралы ақпаратты теріске шығарды.

Түркістан облысында қуаңшылықтан мал қырылып жатыр деген ақпарат шындыққа жанаспайды – әкімдік
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Әлеуметтік желіде кейбір қолданушылар өңірде аптап ыстықтың салдарынан ондаған малдың қырылғанын айтып, жағдайдың ушығып тұрғанын алға тартқан болатын. Алайда бұл ақпаратты облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі ресми түрде жоққа шығарды.

— Малдың жаппай қырылып жатқаны және жергілікті биліктің көмек көрсетуден бас тартқаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды және жалған. Түркістан облысында қуаңшылық пен шегірткенің шабуылына байланысты малдың қырылу деректері тіркелген жоқ. Бүгінгі таңда жем-шөп базасына қатысты жағдай толық бақылауда. Қуаңшылыққа қатысты мәліметтер де бұрмаланған, — делінген әкімдік таратқан хабарламада.

Сондай-ақ, Түркістан облысының әкімдігі тұрғындарды жалған ақпарат таратудан сақ болуға және тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.

— Жергілікті билік өкілдері фермерлермен үнемі байланыста. Әрбір нақты өтініш бойынша жергілікті жерге барып, жағдай зерделенеді, қажеттілік туындаған жағдайда көмек көрсетіледі — баламалы жайылымдар ұсыну, шөпті белгіленген бағамен сататын орындар ұйымдастыру, логистикалық қолдау көрсету және тағы басқа шаралар жүзеге асырылады. Расталмаған ақпарат тарату — өңірдің беделіне нұқсан келтіріп қана қоймай, әлеуметтік тұрақсыздық туындатады. Ақпарат құралдарын тек ресми дереккөздерге және тексерілген мәліметтерге сүйенуге шақырамыз, — делінген ақпаратта.

Әкімдіктің мәліметінше, маусым айының басындағы аномальды ыстыққа қарамастан, суармалы егіс алқаптарының көп бөлігінде ылғал жеткілікті. Тамшылатып және жерасты суару жүйелері бар аймақтарда өнімге қауіп төніп тұрған жоқ. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен бірлесе отырып, жергілікті атқарушы органдар суару көздерін әртараптандыру және мал азығын алдын ала дайындау бойынша шаралар қабылдаған. Шегірткеге қарсы күрес те жалғасып жатыр. Биыл облыста 700 мың гектардан астам аумақта зиянкестерге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілген. Зиянкестерге қарсы мониторинг және күрес жұмыстары жалғасып жатыр. Әлеуметтік желілерде тараған «шегірткелердің жаппай шабуылы» бейнелері де шындыққа жанаспайды. Әкімдік өкілдері бұл видеолардың көпшілігі өзге өңірлерде немесе шет елдерде түсірілгенін алға тартты.

Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында қуаңшылық салдарынан егістік күйіп, мал азығы қымбаттағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар