Түркістан облысында құқық бұзушылықтың алдын алатын тың жобалар жүзеге асады

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Тәртіп сақшылары азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында іске қосылған жаңа жобаларды талқылады.

Прокурорлар
Фото: Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі

Түркістан облысының полиция департаментінде өткен жиынға бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев, полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов, облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев, сондай-ақ жақын маңдағы Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының 54 конституциялық прокуроры және полиция департаменті басшы құрамы қатысты.

Прокурор, полицей
Фото: Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі

Іс-шара барысында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз ету үшін «цифрлық шешімдерді» енгізу мәселелері талқыланды.

Полиция қызметінде күнделікті заманауи технологияларды қолдану күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі. Осы ретте қатысушыларға «кілемді жабын» жобасы, оқу орындары мен басқа да объектілердің бейнебақылау камераларын жедел басқару орталығымен біріктіру, «SOS» дабыл түймелерінің жұмысы, «Цифрлық полиция» жүйесі және құқық тәртібі мен жол қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған «102» көп арналы мобильді қосымшасының мүмкіндіктері көрсетілді.

Сондай-ақ бірқатар полиция бөлімдерінің басшылары баяндама жасап, тергеу, криминалдық полиция жұмыстарында, сондай-ақ кадрлық жұмыс пен материалдық-техникалық қамтамасыз ету салаларында «Цифрлық шешімдерді» енгізу нәтижелерімен таныстырды. 

прокуратура
Фото: Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі

Ақпараттық технологияларды пайдалану, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес мәселелерінде полиция қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді. 

Кездесу соңында қатысушылар көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға және облыста қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған белгіленген мақсаттарды іске асыру бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендіктерін жеткізді.

Еске салсақ,  жақында Түркістан облысында 4 есірткі зертханасы жойылғаны белгілі болды.