Түркістан облысында мақта алқабына тамшылатып суғару технологиясы қолданылмақ

Өңірде мақтаны жаңа технологиямен өсіру ісі қолға алынады, деп хабарлайды Kazinform.

Түркістан облысының әкімдігі
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қытайлық «Peng Sheng (Group) Co., Ltd» компаниясының өкілдерін қабылдады. Кездесуде мақта өсіру және терең өңдеу, тоқыма фабрикасын салу мәселелері талқыланды.

«Біз мақтаны өсіру ғана емес, оны терең өңдеу бағытына басымдық беріп отырмыз. Мақта тұқымы мен сапасын жақсарту, жаңа технологияларды енгізу, мақтаны терең өңдеу, тоқыма фабрикасын салу жұмыстарын атқарғанда ғана мақта шаруашылығындағы мәселелер шешіледі. Сондықтан біз сіздермен әріптестік орнатуға дайынбыз. Жол картасын әзірлеп, екі тараптың міндеттемелерін енгізейік. Инфрақұрылым және басқа түйткілдер бойынша бізден қолдау болады», – деді Дархан Сатыбалды.

«Peng Sheng (Group) Co., Ltd» компаниясының өкілі Сонг Шицзие 10 мың гектар мақта алқабына тамшылатып суғару технологиясын енгізуге дайын екенін жеткізді. Сонымен бірге мақтаны терең өңдеу, мақта майын шығару құрылғыларын әкелу бойынша да жоспарымен бөлісті. Инвестор мақтаның ең сапалы тұқымдарын егіп, мақта зауытын салуды да жоспарлап отыр.

Айта кетейік, 2023 жылы ҚХР-ға облыс делегациясының іссапары барысында «Peng Sheng(Group) Co., Ltd» компаниясымен инвестициялық жобаларды іске асыру туралы келісімге қол жеткізілген болатын.

Соңғы жаңалықтар