Түркістан облысында мәслихат депутаттығына 1152 кандидат тіркелді

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысында мәслихат депутаттығына кандидаттарды тіркеу қорытындылары белгілі болды. 

Түркістан облысында мәслихат депутаттығына 1152 кандидат тіркелді
Фото: Алматы әкімдігі

Түркістан облысындағы 315 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша барлығы 1152 кандидат тіркелген.

— Оның ішінде облыстық мәслихаттың 23 сайлау округі бойынша — 81 кандидат, қалалық мәслихаттардың 44 сайлау округі бойынша — 176 кандидат және аудандық мәслихаттардың 248 сайлау округі бойынша — 895 кандидат тіркелді, — деп хабарлады Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясы.

Осылайша, бірмандаттық аумақтық сайлау округтерінде бір депутаттық орынға орта есеппен үш кандидаттан үміткер болып отыр.

Сонымен қатар облыстық мәслихаттағы 23 депутаттық мандатқа төрт саяси партия — «Әділет», «Ақ жол», «Ауыл» және Respublica партиялары жалпы саны 72 адамнан тұратын партиялық тізімдерін ұсынды.

— Партиялық тізімдердегі әйелдер мен жастардың жиынтық саны сақталған. Төрт саяси партияның да партиялық тізімдері тіркеуден өтті. Партиялардың ешқайсысы ұсынылған тізімдерін кері қайтарып алған жоқ, — делінген хабарламада.

Кандидаттарды тіркеу туралы мәліметтер күнтізбелік жоспарға сәйкес БАҚ-та жарияланып, тиісті интернет-ресурстарда орналастырылды.

Бұған дейін сайлау алдындағы үгіт 1 қарашада басталғанын жазған едік.