Түркістан облысында Мұхаммед Нұран баб кесенесі ашылды
АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облысы Түлкібас ауданының Абай ауылында халықаралық ғылыми конференция өтті.
Халықаралық деңгейдегі басқосулардың ірі мегаполисте немесе облыс орталықтарында ұйымдастырылатыны мәлім, алайда бұл конференцияның бір ерекшелігі де талқыланған тақырыпқа арқау болған тарихи нысан — «Мұхаммед Нұран баб» кесенесінің ашылуына орайластырыла өткізілуінде еді. Кесене — бабтар дәуірінен жеткен жазба ескерткіш.
Өзгеше форматта өткен жиынға көршілес елдердің ғалымдары, нақтырақ айтсақ Қырғызстан Президентінің кеңесшісі, халық жазушысы Арслан Қойчиев және профессор, түркітанушы Қадырали Конкобаев бастаған арнайы делегация, Қазақстан Парламенті Сенатының депутаттары Дархан Қыдырәлі, Алишер Сатвалдиев, іргелес Жамбыл облысы, Шымкент қаласының зиялы қауым өкілдері, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ оқытушы-профессорлар, ғалымдар, археологтар мен тарихшылар, ауыл тұрғындары қатысты.
Абай ауылынан осыдан алты жыл бұрын, яғни 2018 жылы «баб» сөзі қашалған құлпытас табылған болатын. Осыған орай Халықаралық Түркі академиясының археолог ғалымдары Нәпіл Базылхан және Нұрболат Бөгенбаевтың жетекшілігімен қазба жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде «Мұхаммед Нұран баб» атты тұлғаның құлпытасы және құнды жәдігерлер анықталған еді. Халықаралық конференцияның өткізілуіне айтулы тұлғаға орнатылған еңселі кесененің ашылуы және қазба жұмыстарының қорытындысы негіз болып отыр. Сондай-ақ, басқосуда тарихи-рухани ескерткіштерді сақтау, ұлы дала руханиятын зерттеудің маңыздылығы төңірегінде ой-пікірлер ортаға салынды.
«2018 жылғы алтын күзде қазіргі Түркістан облысы, Түлкібас ауданының бұрынғы Әлдибастау, бертінде Шавровка, Каганович делінген, бүгінгі Абай ауылынан тарихи тағылымы мол жаңа жәдігер — ерекше ескерткіш табылғанын» алғаш болып көрнекті жазушы, публицист Мархабат Байғұт «Егемен Қазақстан» газеті (10.12.2019 ж.) арқылы елге жария еткен болатын.
«Түркістан облысының тарихи Түркі басы өңірінде, яғни қазіргі Түлкібас ауданы аумағында археологиялық зерттеулер өте-мөте аз жүргізілгені белгілі. Ертеректегі тарихшы ғалымдар Машат, Дәубаба, Қараүңгір, Түркібасы, Ақсу-Жабағылы, көне Тамтадж, Бүйрекбастау (Жаңаталап), Балықты, Шарапкент (Төрткүлтөбе), Ұрбұлақ, Сазтөбе, тағы басқа да тарихи ескерткіштер орындары туралы там-тұмдап жазған. Ал өткен күзде, баяғы біздің класс жетекшіміз Нұрхан Қыдырәлиевтің шарбағы мен Абай колхозы интернаты ортасынан табылған ескерткіш шынында да елді елең еткізген жаңалық болып отыр», — деп жазылған «Әлдибастау әулиесі» атты мақаласында.
Ғылыми конференцияда сөз алғандар кезінде елді елең еткізген ескерткіштің құндылығы мен оған қатысты жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесіне тоқталды. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев өңірдегі тарихи ескерткіштердің туризмді дамытуда алар орны ерекше екенін айтып өтсе, сенатор Алишер Сатвалдиев Нұран баб кесенесінің ғылыми айналымға енгізілуі қажеттігін жеткізді.
Қырғызстан Президентінің кеңесшісі Арслан Қойчиев Ислам мәдениетіне кеңінен тоқталып, бұл жиынға делегация арнайы келіп отырғанын атап өтті.
«Бұған дейін де Түркі академиясымен, оның басшысы Дархан Қыдырәлімен бірге қазақ-қырғыз зиялыларының 7 форумын өткіздік. Олардың әрқайсысы белгілі тұлғаларға арналды. Бүгінгі рухани тақырыпқа арналып отырған жиынды VIII қазақ-қырғыз зиялыларының форумы десек те болады. Келесі форум Бішкекте өтетін болады», — деді А.Қойчиев.
Ал түркітанушы Қадырали Конкобаев қазақ-қырғыз руханиятының егіз екенін айтып өтті. Ясауи, Арыстан баб, Қарашаш ана сынды киелі мекендер Қырғызстанда да бар екенін айта келе, ғалым түрлі жат ағымдардан қорғану үшін Ясауи ілімін білудің, сондай-ақ бабтарды терең танып зерттеудің маңыздылығына тоқталды. Құлпытасты алғаш оқыған түрколог, парсы тілінің маманы, белгілі дінтанушы-ғалым Зәріпбай Оразбайұлының айтуынша, «Нұран» — Алланың «Нұр» сипатына айна болған, пайғамбардың нұрын жеткізуші, әулиеліктің шыңына жеткен құтб-тұлғаға қатысты теңеу болса, «баб» сөзі есік, қақпа «дін қақпасы, руханият есігі» деген мағына берген.
Жоғарыда аталған мақаласында жазушы Мархабат Байғұт та Нұран бабаның ерекше қасиетіне тоқталған.
«Тарихтан белгілі, пайғамбарлар, әулиелер мен билеушілердің көпшілігі ұсталықпен, зергерлікпен айналысқан. Мәселен Дәуіт пайғамбар қару-жарақтың пірі саналған. Мұхаммед Нұран бабаның да әулиелік қасиетінен бөлек оның жауынгер әрі ұста болғаны анық байқалады. Ұсталық ұлағаттарын ескерткіштен табылған заттардың басым көпшілігі, оның ішінде, әсіресе, өзгеше төс дәлелдейді. Төс ұстаның негізгі құралы, әрі ұсталықтың басты белгісі саналған. Дәстүрлі қазақ этнографиясында төс түрлі қарау күштерден сақтайды деп қасиет тұтқан. Жауынгерлігінің айғақтары — сүңгі, селебе, жебе, кездік, қалқан сияқты бес қару. Төртінші сипаты әулие бұлақ десек, мамандар қазба жұмыстарын тәмамдағанда, бұлақ пайда болған. Ішкі бөлме суға толған. Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Үкаш ата, тағы басқа әулиелер кесенелері, мазарлары, бейіттері жандарында әулие бұлақтар бар екені белгілі. Қазақ байтағында Әулиебастау, Әулиекөл, Әулие¬бұлақ көп. Әлдибастау атауы да осы әулиемен астасып жатқан болар, бәлкім…», — деді ол.
Иә, Әлдибастаудағы елді елең еткізген оқиғаны өзгеше үлгіде жұртқа «сүйіншілей» жеткізген жазушының туған өлке тарихын танытудағы бастамалары да жұртқа жақсы мәлім. Мысалы, Мархабат Байғұттың «Таупістелі тағлымы» төл жобасы аясында түркі тілдес халықтардың қаламгерлері, ғалымдары, ұлт зиялылары бас қосып, келелі мәселелерді талқылаған болатын. Бұл форум жалғасын таппақ. Осы орайда сенатор Дархан Қыдырәлі игі бастама, яғни «Таупістелі тағлымын» келесі жылы жазушының 80 жылдығына орай, кең көлемде түркі тілдес зиялы қауымның қатысуымен өткізу жоспарланып отырғанын айтты.
Сондай-ақ жиында рухани ескерткіштерді қорғауға айрықша көңіл бөлу қажеттігі де айтылды. Мемлекет басшысы 2019 жылы Ұлытауда еліміздің барлық өңірінде туризм аймағы болуға лайықты киелі орындар жеткілікті екенін айтқан еді.
«Біз ұлы тарихи тұлғалардың ізбасар ұрпағы екенімізді ұмытпауымыз қажет. Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек», — деп елімізді рухани-этнографиялық туризмнің орталығына айналдыруды тапсырған еді.
Осы арада айта кетелік, сенатор Дархан Қыдырәлі киелі мекендерді мемлекет қарауына алу, заңды қатайту, инфрақұрылымды дамыту, жол салу, қонақүйлер, визит орталықтарын ашу, экологияны реттеу, ақпарат-насихат жұмыстарын арттыру, интернетпен қамтамасыз ету сияқты іргелі жобаларды жүйелі жүзеге асыру қажеттігін айтып, депутаттық сауал жолдаған болатын. Онда елімізде ұлтына ұран, халқына қорған болған тұғырлы тұлғалардың ізі аз емес екені айтыла келе, алғашқы қазақ хандарының қорымына тарихи-археологиялық зерттеулер жасалмағаны айтылды.
Сондай-ақ сенатор сауалында бағзы Исфиджабтан жеткен Ибраһим ата, Қарашаш ана, Қызыр хазірет сияқты тарихи-рухани нысандарды сақтау, реставратор, консерватор сияқты мамандарды даярлау сынды бірқатар мәселелерді көтерді. Абай ауылында өткен ғылыми конференция да тарихи ескерткіштің маңыздылығына назар аударумен қатар, оның сақталуына, насихатталуына үлес қосудың бір көрінісі дер едік.
Конференцияда сөз алған белгілі түрколог Нуриддин Усеев ел тарихын зерттеудегі фольклордың маңызына тоқталды. Бұл орайда ғалым әйгілі «Манас» дастанында Түркібасы атауы аталатынына нақты деректер келтірді. Дастанда үлкен шайқаста түркі кіндігінен таралған халықтардың жиылып жауға тойтарыс бергендігі айтылатынын, сонымен қатар Манастың осы Жыландысудың бойына келіп шайқасқа қатысқанын, сондықтан бұл жер Түркібасы аталғанын нақты деректермен баяндап берді. Түлкібастың бүгінгі атауын Түркібасы деп өзгертуге қатысты пікірін де жеткізді.
Сонымен бірге конференцияда Мұқан Исахан, Нәпіл Базылхан сынды ғалымдар баяндама жасады. Мысалы, ҚМДБ жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төрәлі Қыдыр Ұлы дала бабалар дәуірін зерттегенін жеткізіп, Ислам әртүрлі дінді ұстанушы түркілердің басын біріктіріп, бір сенімнің өкілі болуына септігін тигізгенін атап өтті. Археолог-ғалым Марат Тұяқбаевтың айтуынша, «Түркістанда Түмен баб, Сайрамда бар сансыз баб, Отарарда отыз баб, бабтардың бабы Арыстан баб» деген сөздер халық ауызында жиі айтылғанымен осы кезге дейін «баб» сөзі қашалған бірде-бір құлпытас кездескен емес. Яғни Абай ауылында тұңғыш рет кездесіп отыр.
Ал ақын Ақберен Елгезек өз сөзінде рухани-ұлттық құндылықтардың маңызына тоқталды.
«Кесенесі ашылып, мұрасы жарыққа шығып жатқан «Нұран баб» баба да рухани ілімнің биік шыңына жетіп, халық ықыласына бөленіп, соңына ілім нәрімен сусындаған шәкірттер тәрбиелеген қазақ даласындағы ғұлама-әулиелердің қатарынан болса керек. Сондықтан бұл құлпытастың табылуы, ескерткіш кесененің ашылуы қазақ халқымен қатар жалпы түркі-мұсылман әлемі руханиятына қосылған айтулы жаңалық, сүбелі олжа деуге болады», — деді археолог, түркітанушы Нұрболат Бөгенбаев.
Аядай ауылда өткен тағылымды іс-шара 3,5 сағат бойы қатысушыларын, ауыл тұрғындарын жалықтырмады. Әдетте жұртты тез жалықтыратын жиындар болады. Бұл халықарлық ғылыми конференцияда көпшілік мазмұнды да тағылым-танымы терең баяндамаларды, ой-пікірлерді тапжылмай тыңдап, алған әсерлерімен бөлісе ризашылықтарын білдіріп жатты.
Айта кетейік, мемлекет қорғауына алынған кесенеде құнды жәдігерлер келушілердің көріп-білуіне қолайлы әрі ерекше әсер қалдыратындай заманауи үлгіде жабдықталған орындарға қойылған.