Түркістан облысында мұнай өнімдерін заңсыз тасымалдаудың 567 дерегі анықталды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Өңірде заңсыз жанар-жағармай тасымалына тосқауыл қою шаралары күшейтілді.

Түркістан облысының әкімдігі жанынан құрылған арнайы жұмысшы топ көлеңкелі нарыққа тосқауыл қою мақсатында жүйелі түрде тексеру жұмыстарын жүргізіп келеді. Оның құрамына кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, полиция департаменті, мемлекеттік кірістер департаменті, қаржы мониторингі агенттігі, көлік инспекциясы, табиғи монополияларды реттеу комитеті және жергілікті атқарушы орган өкілдері кірген.
- Өткен жыл ішінде жұмысшы топ арқылы Түркістан облысында жанар-жағар майдың көлеңкелі жолмен шетел асып кетпек болған 32 фактісі анықталды. Сонымен қатар 350 тонна дизель отыны тәркіленіп, 25 млн теңгеден астам айыппұл өндірілді. Қазіргі таңда өңірде 380 жанармай құю бекеті және 9 мұнай базасы заңды негізде жұмыс істеп тұр. АИ-92, АИ-95 және дизель отыны еркін сатылуда және өңірде мұнай өнімдеріне тапшылық тіркелген жоқ, - деді Түркістан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Әбдіразақова.
Спикердің айтуынша Өзбекстан Республикасымен шектесетін үш ауданда мұнай өнімдерін заңсыз әкетудің 567 дерегі анықталған. Сондай-ақ, 6008 литр бензин мен 32 370 литр дизель отыны сотпен тәркіленіп, 21 млн. теңгеден астам айыппұл салынған. Жалпы мемлекетке келтірілген шығынды өтеу мақсатында 46 млн теңгеден астам айыппұл өндірілді.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында 4 жыл бұрын жоғалған қыз табылғанын жазған болатынбыз.