Түркістан облысында NEET санатындағы жастар 1 млн теңге грант ала алады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - «Zhas project» жобасы аясында NEET санатындағы жастарға 1 миллион теңге грант беріледі. Бұл туралы брифингте Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-і басшысының орынбасары Пердебек Есқұлов мәлімдеді.
«Zhas Project» жобасына - жұмыссыз болып тіркелген, мүгедектігі бар, сондай-ақ жоғары білімі жоқ 21-35 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Байқау жеңімпаздарына қаражат қолға берілмейді, тек кәсіпке қажетті құрал-жабдықпен қамтитын мекеменің шотына аударылмақ. Өңір бойынша 19 наурыз және 25 сәуір аралығында жоба үлгілері қабылданып, жеңімпаздар 20 мамыр күні анықталады.
«Түркістан облысында жастар саясатын дамыту және жұмыссыздықты азайту мақсатында мемлекет тарапынан қайтарымсыз гранттар бөлініп жатыр. Одан бөлек, NEET санатындағы жастар үлесін төмендету мен ауыл жастарын қолдау мәселелері де қарастырылған. Осы ретте биыл «Zhas Project» жобасы аясында NEET санатына жататын жастарға өз жобасын жүзеге асыруға 1 млн теңге беріледі. Байқау аясында 20 жас жеңімпаз атанбақ. Одан бөлек, «2021-2025 жылдары кәсіпкерлікті қолдауға арналған Ұлттық жоба» аясында 621 жасқа 2,5 пайызбен 5 млн теңгеге дейін несие берілетін болады», - деді Пердебек Сержанұлы.
Айта кетсек, өткен жылы Түркістан облысы бойынша жобаға 143 өтінім түсіп, нәтижесінде 20 жоба грант иегері атанды. Одан бөлек, «2021-2025 жылдары кәсіпкерлікті қолдауға арналған Ұлттық жобасы» аясында 625 жасқа 2,5 пайызбен 5 млн теңгеге дейінгі несие берілді.