Түркістан облысында оқушы қызды бірнеше жігіт зорлады - жалған

полиция, участковый, мвд, задержание, стражи порядка
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Оқушы қызды бірнеше жігіттің зорлағаны жайында желіде тараған ақпарат — жалған. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов мәлімдеді.

Полиция бастығының айтуынша, қазіргі таңда жалған ақпарат таратушылар анықталып, оларға қатысты әкімшілік және қылмыстық шаралар қабылданып жатыр.

«Әлеуметтік желіде Төлеби ауданы Зағамбар ауылында болған оқиға туралы жалған ақпарат таралуда. Интернет желісінде таралған, яғни «Бірнеше оқушы ұсталды, жәбірленуші жүкті және бірқатар жігіттер зорлады» деген ақпараттар шындыққа жанаспайды», - деді Мұрат Қабденов.

Сондай-ақ, тек ресми ақпараттарға ғана сену қажеттігін айтқан ол оқиғаның мән-жайын түсіндіріп өтті.

«24 сәуірде кәмелетке толмаған қызды зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Қазіргі таңда кәмелетке толмаған күдікті ұсталып, қамауға алынды. Сараптама тағайындалды және қылмыстық іс сотқа жолданады», - деді полиция департаментінің бастығы.

Сондай-ақ, 25 сәуірде полицияға бөтеннің мүлкін өртеу туралы хабарламалар түскенін мәлімдеді. Аталған фактілер бойынша да қылмыстық істер қозғалған.

«Зардап шеккендер мен құрбандар жоқ. Бөтеннің мүлкін өртеу фактісіне қатысқандардың барлығы анықталып, ұсталды және қамауға алынды. Тергеу жалғасуда. Қазіргі уақытта, Зағамбар ауылында жағдай тұрақты. Облыс әкімі және барлық мемлекеттік органдар басшыларының төрағалығымен ауыл тұрғындарына жиын өткізіліп тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Заң шеңберінде шешім қабылданатыны ескертілді», - деді Мұрат Қабденов.

Соңғы жаңалықтар