Түркістан облысында өрттің қауіпті кезеңі басталғалы 478 гектар орман алқабы өртенген
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Биыл Оңтүстік өңірде күн райының орташа көрсеткіші 40 градусты құрап, өте ыстық болады деп күтіліп отыр. Сондықтан өрт қаупі өте жоғары. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінде өткен жиында Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Бекболат Төреқұлов мәлімдеді.
Түркістан облысы аумағында өрт қауіпті кезең басталғалы 478 гектарды құрайтын 1 орман өрті, 187 гектарды құрайтын 64 дала алқаптарының жану жағдайлары тіркелген.
«ҚазАвтоЖол» АҚ Түркістан филиалы арқылы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 361 шақырымына жолақ жырту жұмысары жоспарланған. Дегенмен, бүгінде тек 128 шақырым жерде ғана аталған жұмыстар жүзеге асқан. Сала мамандарының сөзіне сүйенсек, Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында тиісті жұмысты жандандыру керек. Себебі, Бәйдібек, Қазығұрт, Созақ, Сарыағаш аудандарында да минералды жолақ жырту жұмыстары өте нашар.
Жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Санжар Бүрлібаевтің айтуынша, дала алқабында өрттің тұтануы автокөлік жолдарында жиі тіркеліп отыр. Сонымен бірге егістік алқабында жұмыс істеп жатқан техникалардан шыққан және елді мекендер аумағындағы құрғақ шөптің өрттері де есепке алынған. Тұрғын үйлер мен қоралардан да өрт шыққан. Басым бөлігі — өрт қауіпсіздігі ережесінің сақталмауынан. Осыған орай, минералды жолақтар жүргізу, қадағалау жұмыстарын одан әрі күшейту қажет.
Түркістан облысы аумағында жалпы 800-ден аса елді мекен орналасқан. Соңғы жинақталған мәліметтерге сәйкес мемлекеттік өрт сөндіру бөлімдері және құрылған маусымдық өрт сөндіру бекеттері 1 527 629 халық тұратын 656 елді мекенді өрттен қорғап отыр.
Өңірдегі орман және дала өрттерімен күрес және олардың алдын алу барысы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланып, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берілді.
«Өрт пен су тасқынына қарсы күрес облысымыз үшін өте өзекті. Сондықтан аудан, қала әкімдері мен тиісті басқармаларға қауіпсіздік шараларын жауапкершілікпен атқаруды тапсырамын. Жолдың жиектерін жыртып, өртке қарсы минералды жолақтар салу жұмысын шұғыл аяқтаңыздар. Екіншіден, өрт қауіпсіздігіне қажетті техника алу, бекеттер салуға қатысты ұсыныстарыңызды беріңіздер. Зерделеп, маңызына қарай қаржы бөлуге тырысамыз», — деді Дархан Сатыбалды.