Түркістан облысында пияз жинау науқаны басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облысының Сайрам ауданында ерте пісетін көкөніс дақылдарын жинау науқаны қолға алынды, деп хабарлайды Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.

Түркістан облысында пияз жинау науқаны басталды
Фото: АШМ

Жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері пияз өнімін жинауға кірісіп, сонымен қатар қырыққабатты жаппай жинауға дайындық жұмыстарын аяқтауға жақын. Көкөніс шаруашылығы ауданның аграрлық секторын көркейтудегі басым бағыттардың бірі болып қала береді.

— Биыл пияз егілген алқап көлемі 900 гектарға жетті. Әр гектардан орта есеппен 28 тонна өнім алынатын болса, жалпы 25,2 мың тоннаға жуық өнім жинау жоспарланып отыр. Қырыққабат 616 гектар жерге егілген. Алдын ала болжам бойынша, орташа өнімділік гектарына 237 центнерді құрап, шамамен 14,6 мың тонна өнім алуға мүмкіндік береді, — делінген министрлік хабарламасында.

Түркістан облысында пияз жинау науқаны басталды
Фото: АШМ

Қазір шаруашылықтар жинау техникасын, логистиканы дайындау жұмыстарын аяқтап, жұмысшыларды жасақтап жатыр.

Фермерлердің айтуынша, қолайлы ауа райы жағдайлары мен агротехникалық шаралардың дер кезінде жүргізілуі көкөніс дақылдарының өнімділігіне ықпал етіп отыр.

Ведомство атап өткендей, өңірде көкөніс шаруашылығын дамыту, заманауи өсіру технологияларын енгізу және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасады.

Бұған дейін Түркістан облысында қарбыз алқабынан алғашқы өнім жинала бастағанын жазғанбыз.