Түркістан облысында сауда орындарындағы 52 өнім сынамасынан сәйкессіздік анықталды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Өңірде сауда айналымынан 20 келіден астам өнім алынып, кәсіпкерлерге 1 млн теңгеге жуық айыппұл салынды.

Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінде мыңнан астам компания талапқа сай болмай шықты
Фото: Pexels

Жыл басынан бері Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері талаптарына сәйкестігін анықтау мақсатында 733 өнім сынамасына зерттеу жүргізді. Оның ішінде 198-і Қазақстанда өндірілген, 289-ы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен әкелінген, ал 246-ы басқа мемлекеттерден жеткізілген.

– Бақылау мақсатында сатып алу нәтижелері бойынша 52 сынамадан Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері мен бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарына сәйкессіздік анықталды. 49 жағдайда өнім таңбалануына қатысты заң бұзу тіркелсе, 3 жағдайда микробиологиялық ластану фактілері анықталды, – деп атап өтті ведомство өкілдері.

Мамандар талаптарға сәйкес келмейтін өнімдерді айналымнан алу және кері қайтару туралы 26 қаулы шығарған. Нәтижесінде сөрелерден жалпы салмағы 20,4 келі тауар алынды.

– Қаулылардың орындалуы жоспардан тыс тексерулер барысында бақылауға алынды. Талаптарды орындамаған екі кәсіпкерлік субъектіге жалпы сомасы 605 500 теңге көлемінде айыппұл салынды, – деп хабарлады департамент.

Анықталған заң бұзушылықтың себептерін және өнімдердің нарыққа түсу жолдарын анықтау мақсатында көтерме және бөлшек саудамен айналысатын 27 кәсіпкерлік субъекті тексерілді. Нәтижесінде төрт кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

– Төрт кәсіпкерлік субъектіге жалпы сомасы 389 250 теңге айыппұл салынды. Тексеру шаралары заң бұзуға жол берілген жағдайлар мен себептерді анықтауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар бақылау сатып алулары барысында белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін бір жалған құжат анықталды, – делінген хабарламада.

Департамент мамандары тұтынушыларды тауар таңдауда мұқият болуға және қаптамадағы ақпаратты міндетті түрде тексеруге шақырды.

– Дүкеннен өнім сатып алар кезде оның таңбалануына назар аудару қажет. Өнімнің атауы, өндірілген күні, сақтау мерзімі, құрамы, тағамдық қасиеттері мен ерекшеліктері, сондай-ақ өндіруші туралы мәліметтер мемлекеттік және орыс тілдерінде көрсетілуі тиіс. Қаптамадағы ЕАС белгісі өнімнің қажетті зертханалық сынақтардан өткенін және Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері талаптарына сәйкес келетінін білдіреді, – деп түсіндірді мамандар.

Бұған дейін алматылықтар қандай тауар мен қызметке жиі шағымданатыны туралы жазған едік.