Түркістан облысында шаруалар жылыжай қызанағын өткізе алмай отыр

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Сарыағаш ауданындағы шаруалар қызанақ өнімін өткізе алмай отырғандарын айтып, дабыл қақты. Олардың сөзінше, Қытай мен Түрікменстаннан келетін арзан қызанақ отандық өнімнің нарықта өтпей қалуына себеп болып отыр.

Түркістан облысында шаруалар жылыжай қызанағын өткізе алмай отыр
Фото: Бауыржан Әбілқасымов

Сарыағаш ауданында 2 мыңға жуық шаруа қожалығы 400-ден астам гектар аумақта жылыжай қызанағын өсіреді. Алайда диқандар өнімдерін тиімді бағада сата алмай, шығынға батып жатқанын айтады.

Қазіргі таңда қызанақ өнімдері жылыжай маңындағы қоймаларда тонналап жиналып тұр. Шаруалардың айтуынша, тағы бір апта ішінде өткізілмеген өнім бұзылып кетуі мүмкін. Несие алып, кәсіп бастаған олар қазіргі нарықтағы бағамен шығынның өзін толық өтей алмай отырғандарын жеткізді.

Жылыжай иесі Бауыржан Әбілқасымовтың айтуынша, бүгінде шаруалар қызанақтың бір келісін 300 теңгеден де өткізе алмай отыр. Оның шығыны 25 млн теңгеге жеткен.

— Бір гектар жылыжайға шамамен 500 тонна көмір кетеді. Оның әр тоннасы 27-29 мың теңге тұрады. Бір жұмысшының айлығы 250-300 мың теңге болса, бір гектарға 30-40 адам жалдаймыз. Бұдан бөлек тыңайтқыш, дәрі-дәрмек, жарық шығыны бар. Коммерциялық тариф бойынша электр энергиясының ақысы 80 мың теңгеге дейін жетеді. Көшеттің бір түбі 150 теңге тұрады. Соның нәтижесінде қазақстандық қызанақтың бір келісінің өзіндік құны 450 теңгеден асады, — дейді кәсіпкер.

Сонымен қатар шаруалар шетелден келетін көкөністер шекарада тиісті деңгейде тексерілмейтінін алға тартады.

Қазақстан фермерлік жылыжайлар одағының төрағасы Данияр Қалтаевтың айтуынша, фитосанитарлық бақылауға қатысты мәселе бірнеше рет көтерілген.

— Шекарада тексеру жұмыстары әлсіз. Мәселен, ауру жұқтырған көкөністер келіп жатыр деп бірнеше рет дабыл қағып, тиісті органдарға мәселе көтердік. Бізде оған қатысты бейнематериалдар мен құжаттар бар. Бірақ зертханалық тексерулердің қорытындысында бәрі «таза» болып шығады, — деді ол.

Аталған мәселеге қатысты Kazinform тілшісіне Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі Тойгүл Жұбанисова түсінік берді.

Оның айтуынша, отандық өнім ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете алмайтындықтан, импортқа толық шектеу қою мүмкін емес.

— Елімізде халықтың қызанақты жылдық тұтыну көлемі 800 мың тоннадан асады. Өткен жылы Қазақстанда 763 мың тонна қызанақ өндірілді. Алайда оның белгілі бір бөлігі экспортқа жіберілетіндіктен, ішкі нарықтағы сұраныс толық қамтамасыз етілмейді. Жыл сайын шамамен 13 мың тонна өнім шетелге экспортталады. Сонымен қатар маусымаралық кезеңдерде нарықта қызанақ тапшылығы байқалады. Осыған байланысты Үкімет «жасыл дәліз» механизмін енгізген. Қызанақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қатарына жатады. Сондықтан баға тұрақтылығын сақтау мақсатында көрші елдерден әкелінетін өнімдерді шекарадан кедергісіз өткізуге жағдай жасалған. Қазіргі таңда Қазақстанға Қытай, Өзбекстан және Түрікменстаннан қызанақ импортталады, — деді ведомство өкілі.

Министрлік сарыағаштық шаруалар нақты міндеттемелер қабылдаған жағдайда олардың ұсыныстарын қарастыруға дайын екенін мәлімдеді.

Түркістан облысында шаруалар жылыжай қызанағын өткізе алмай отыр
Фото: Бауыржан Әбілқасымов

— Бұған дейін шаруаларға қауымдастық құрып, министрлікпен меморандум жасау ұсынылған. Мұндай жағдайда фермерлер ішкі нарықты жыл бойы өніммен қамтамасыз ету және бағаның шекті мөлшерін сақтау бойынша міндеттеме алуы қажет. Алайда осы мәселе туындағанға дейін фермерлер тарапынан нақты ұсыныс түскен жоқ, — деді Тойгүл Жұбанисова.

Қазіргі таңда шаруалармен меморандум жасау бойынша келісім жұмыстары қолға алынған. Бұл бағытта Сауда комитеті Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасымен бірлесіп жұмыс атқарып жатыр.

Бұдан бұрын Түркістанда мақта өткізген 100-ден аса шаруа ақысын уақтылы ала алмағанын жазған едік.