Түркістан облысында ішімдіктен бас тартқан ауылдар саны 20-ға жетті

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Қазығұрт ауданы Шарбұлақ ауылдық округінде соңғы 2 жылда ешқандай қылмыс тіркелмеген.

ішімдіктен бас тартты
Фото: hron.ru

Түркістан облысында 20 ауылдың тұрғыны ішімдіктен бас тартты. Атап айтар болсақ, олардың ішінде Арыс қаласындағы - Дермене, Теміржолшы, Орманды, 40-разъезд елді мекендері мен Бәйдібек ауданындағы - Түйетас, Жетісай ауданындағы - Алмалы, Келес ауданындағы - Шұқырсай және Мақташы елді мекендері бар.

ішімдіксіз ауыл
Фото: Қазығұрт ауданы әкімдігі

Сонымен қатар, Мақтаарал ауданындағы – Табысты, Ордабасы ауданындағы - Аққойлы, Жусансай, Төреарық және Көлтоған елді мекендері, Отырар ауданына қарасты Қарғалы ауылы және Сауран ауданындағы – Жүйнек, Шекербұлақ елді мекендері, Төлеби ауданындағы - Алғабас, Оңтүстік және Диханкөл елді мекендері, Қазығұрт ауданындағы – Шарбұлақ ауылы ішімдіксіз ауылдардың қатарына қосылды.

Аталған ауылдың ақсақалдары арнайы бастама көтеріп, дүкендерде арақ-шараптың сатылуына тосқауыл қойған. Нәтижесінде қылмыс азайып, жастардың салауатты өмір салтына, спортқа қызығушылығы артыпты.

Шарбұлақ ауылы
Фото: Қазығұрт ауданы әкімдігі

Мәселен, Қазығұрт ауданы Шарбұлақ ауылдық округінде соңғы 2 жылда ешқандай қылмыс тіркелмеген. Ауыл әкімі мен жергілікті учаскелік полиция инспекторларының ұйымдастыруымен ауыл ақсақалдары мен билері, жергілікті тұрғындар өзара жиын өткізіп, спирттік ішімдіктен мүлдем бас тарту жөнінде шешім қабылдаған. Нәтижесінде ауыл тұрғындары мен жастар салауатты өмір салтын ұстанып, имандылықты ту еткен.

анон
Фото: Қазығұрт ауданы әкімдігі

Бүгінде Шарбұлақ ауылдық округі - «Үлгілі ауыл» санатына енгізілді. Осыған орай ауыл орталығындағы мәдениет үйінде салтанатты шара өтті. Жиынға аудан әкімі Азизхан Исмаилов пен Түркістан облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алмас Тастанбеков қатысып, ауыл тұрғындарына арнайы «Үлгілі ауыл» сертификатын табыстап, алғыс хат берді.

Соңғы жаңалықтар