Түркістан облысында шомылу маусымы басталмай жатып 7 бала суға кеткен

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Облыста жыл басынан бері 9 адам суға кетіп, қайтыс болды. Оның ішінде кәмелетке толмаған 7 жасөспірім бар. Бұл туралы Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Оразгелді Дүйсен мәлімдеді.

батып кетті
Фото: Pexels

Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының ұйымдастырумен өңірдегі барлық мектептерде «Судағы қауіпсіздік ережелері» тақырыбында ашық сабақтар өткізіліп жатыр.

Сондай-ақ, әр мектепке арнайы қауіпсіздік бұрыштары орнатылған.

Сонымен қатар, ата-аналар жиналыстарында судағы қауіпсіздік бойынша арнайы нұсқамаларды таныстыру жұмыстары жүргізілуде.

Әлеуметтік желілерде және ата-аналар комитетінің, оқушылардың WhatsApp топтарына ақпараттық сипаттағы жадынамалар, бейнероликтер, кеңінен таратылып жатыр. 

«Жалпы өңірде 4 334 су айдыны бар. Олардың қатарында 42 су қойма, 149 өзен, 25 көл, 2 870 канал және 1 248 қашыртқы бар. Облыстық мәслихаттың шешімімен өңірде 111 шомылуға қауіпті аймақ бекітілген. Қазіргі таңда ол мекендерге ескертпелер қойылды», — деді Оразгелді Дүйсен.

Соңғы жаңалықтар