Түркістан облысында талаптарды бұзған 14 адам түзеу мекемесіне қайта жіберілді
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында профилактикалық есепте тұрған азаматтар тексерілді.
Қазіргі уақытта өңірде шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 242 адам және әкімшілік қадағалаудағы 157 азамат бар.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған, әкімшілік қадағалаудағы және сот шешімімен үйқамаққа алынған азаматтардың жүріп-тұруын бақылау үшін оларға электрондық білезіктер тағылған. Бұл құрылғылар белгіленген шектеулердің сақталуын қадағалауға мүмкіндік береді.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу және қайталама қылмыстарға жол бермеу мақсатында полиция қызметкерлері профилактикалық есепте тұрған азаматтарды тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексерді.
– Тексеру барысында белгіленген талаптарды бұзған шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған 14 адам түзеу мекемелеріне қайта жіберілді, – делінген полиция хабарламасында.
Полиция департаменті профилактикалық есепте тұрған азаматтарды бақылау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Бұған дейін Қостанай облысында түрмелердегі ұялы байланыс сигналы үшін үш оператор жазаланғанын хабарлаған едік.