Түркістан облысында тазалық сақтамаған 23 мыңнан астам адамға айыппұл салынды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Түркістан өңірінде «Таза Қазақстан» бағдарламасы облыс көлемінде тұрақты жүргізілуде. Бекітілген кесте бойынша аудан, қалаларда жалпы 450 ауқымды сенбілік өткізілді. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде кеңінен талқыланды.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың айтуынша, өткен аптаның ішінде 11 ауданның 30 елді мекенінде сенбілік өткізілген. Оған 6 мыңдай тұрғын қатысып, тиісті техникалар жұмылдырылған. Нәтижесінде 98,7 тонна қоқыс шығарылды. Жалпы жыл соңына дейін 807 сенбілік өткізу жоспарланып отыр.
Биыл қоғамдық орындарда заң талаптарын бұзған тұлғаларға 23 434 мыңнан астам хаттама толтырылып 249,5 млн. теңгеге айыппұл салынды. Бағдарлама басталғалы бері ескертулер мен салынған айыппұлдар саны 16 мыңнан астам хаттамаға артқан немесе 4 есеге ұлғайған. Сондай-ақ бүгінгі таңға, абаттандыру қағидасына сәйкес іргелес жатқан аумақтың тазалығы бойынша 11 004 жеке тұрғын үй мен 6 147 кәсіпкерлік объектісіне мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде 1143 ескерту және 620 айыппұл салынды. Қағиданың сапалы орындау бағытындағы жұмыстар күнделікті жүргізіліп келеді.
Өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандардыруды, жүйелеуді және жіті қадағалауды тапсырды.
«Әрбір мемлекеттік және бюджеттік мекемелер өз ауласын, ғимаратын таза ұстасын. Білім, денсаулық, мәдениет, спорт және өзге де әуеуметтік нысандардағы тазалық қадағаланып жатыр. Тазалық жұмыстарына немқұрайлы қараған басшылар сыннан қорытынды шығармаса, кемшілік қайталанса, қызметінен босатылады. Жұмыс жүйелі түрде жалғассын», – деді Дархан Сатыбалды.