Түркістан облысында төтенше жағдай резервіне арналған база бой көтереді
АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облысында «Резерв» РМК-ның «Заря» филиалы аумағында капсула салу рәсімі өтіп, мемлекеттік материалдық резервті сақтау базасының құрылысы басталды. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов қатысты. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі мәлім етті.
Филиал Арыс қаласында орналасқан және мемлекеттік материалдық резерв сақтау нысандарын орналастыруға қажетті көлік инфрақұрылымына ие.
— Жоба аясында заманауи қойма үй-жайларын, әкімшілік-тұрмыстық корпусты, өрт сөндіру депосын және ілеспе инженерлік инфрақұрылымды салу көзделген. Нысандардың бір бөлігі арнайы сақтау шарттарын талап ететін материалдық ресурстарды сақтауға арналатын болады, — делінген хабарламада.
Бүгінгі таңда негізгі инженерлік іздестіру және дайындық жұмыстары аяқталды. Жобаны іске асыру материалдық ресурстарды сақтау мүмкіндіктерін кеңейтіп, мемлекеттік материалдық резерв жүйесінің тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда алғаш рет құтқарушыларға арналған resort-кешен салынып жатқанын жаздық.