Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Түркістан облысында тұрғындар Батыс Еуропа – Батыс Қытай жолының сапасына шағымданды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзиттік дәлізінің кей учаскелеріндегі жолдың жай-күйі тұрғындарды алаңдатып отыр.

а
Фото: Сәбит Тастанбек/Kazinform

Күре жолдың бойында орналасқан елдімекен тұрғындары жол жамылғысының сапасын сынға алды. Ордабасы ауданы Төрткүл ауыл округінің тұрғыны Досыбай Дөненбайдың сөзінше, Төрткүл, Көкарал және Спатаев елдімекендері аралығында жолдың кей тұстарында жарықтар мен ойықтар пайда болған.

в
Фото: Сәбит Тастанбек/Kazinform

– Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізі Төрткүл ауылын басып өтеді. Күн сайын бұл жолмен мыңдаған көлік, соның ішінде ауыр жүк көліктері қатынайды. Төрткүл елдімекенінің орталығында, Төрткүл мен Көкарал арасында және Спатаев елдімекені аумағында жолдың жағдайы сын көтермейді. Бүлінген жол учаскелері көлік жүргізушілеріне қиындық тудырып отыр, – деді тұрғын.

в
Фото: Сәбит Тастанбек/Kazinform

Таяуда аталған жолдағы рұқсат етілген қозғалыс жылдамдығы 110-нан 120 км/сағатқа дейін ұлғайтылған. Тұрғындардың айтуынша, жолдың кей учаскелеріндегі жағдайға қарамастан, жылдамдық режимін бұзатын жүргізушілер аз емес.

в
Фото: Сәбит Тастанбек/Kazinform

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалының мәліметінше, Түркістан облысындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 678 шақырымды құрайды. Оның 217,5 шақырымы Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзиттік дәлізіне қарасты ақылы жолдарға тиесілі.

Филиал директорының орынбасары Қуатбек Нұрбаевтың айтуынша, ақылы жолдардың Шымкент – Қызылорда және Шымкент – Ташкент бағыттарында ақаулардың пайда болу қаупі жоғары.

в
Фото: Сәбит Тастанбек/Kazinform

– Бұған аптап ыстық, көлік ағынының қарқындылығы және ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүктемесі әсер етеді. Қазіргі уақытта жолдағы бүлінген учаскелерді жақсы және қанағаттанарлық жағдайға келтіру үшін облыстың барлық бағыттарында күтіп-ұстау және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Шымкент – Қызылорда бағытында орташа жөндеу жұмыстары қолға алынды, – деді ол.

Қазіргі уақытта Түркістан облысында жалпы ұзындығы 123 шақырым болатын ақылы жолдың 6 учаскесі кепілдік мерзімінде тұр. Кепілдік кезеңінде ақаулар анықталса, олар келісімшарт талаптарына сәйкес мердігер ұйымның қаражаты есебінен жойылады.

в
Фото: Сәбит Тастанбек/Kazinform

Қуатбек Нұрбаевтың айтуынша, өткен жылы бетон жолдың үстіне микросюрфейсинг технологиясы сынақ ретінде қолданылған. Алайда материалдың қысқа мерзімде тозуына байланысты басқа шешім қабылданған.

– Қазіргі таңда Төрткүл мен Түркістан арасындағы жолда жұмыстар басталды. Мердігер – «Алем транс жол» компаниясы. Биыл учаскенің 30 шақырымын аяқтау жоспарланған. Бұл – өтпелі нысан. Мұнда микросюрфейсинг қолданылмайды. Бетон жамылғысының беткі қабаты алынып, полимерлі материал төселеді. Былтыр Төрткүл мен Спатаев елдімекендері арасындағы учаскеде осы технология қолданылды. Нәтижесі жақсы болды, – деді Қуатбек Нұрбаев.

в
Фото: Сәбит Тастанбек/Kazinform

Жол сапасына қатысты мәселе таяуда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің Ордабасы ауданы тұрғындарымен кездесуінде де көтерілді.

– Қазақстандағы ақылы жолдардың ішінде ең көп табыс беретін жолдардың бірі Түркістан облысы арқылы өтеді. «ҚазАвтоЖол» басшылығымен келіссөздер жүргізілді. Жобаны әзірлеп, жолды қайта қалпына келтіруге биыл 9 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп жатыр. Жұмыстар басталды. Сапасын бақылауда ұстаймыз, – деді өңір басшысы.

в
Фото: Сәбит Тастанбек/Kazinform

Сонымен қатар жол жамылғысының қысқа мерзімде қайта бүлінуінің алдын алу үшін ауыр жүк көліктерінің белгіленген салмақ параметрлерін сақтауына бақылау күшейтілмек. Осы мақсатта облыстағы республикалық маңызы бар жолдардың 6 учаскесіне автоматтандырылған өлшеу құрылғыларын орнату жоспарланған.

Жол сапасымен қатар, қозғалыс қауіпсіздігі де полиция назарында. Түркістан облысы полиция департаментінің мәліметінше, жылдың алғашқы алты айында халықаралық маңызы бар KAZ06 автомобиль жолындағы кемшіліктерді жою және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалына 31 ұйғарым берілген.

в
Фото: Сәбит Тастанбек/Kazinform

Сондай-ақ аталған кезеңде KAZ06 автомобиль жолында 32 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 10 адам қаза тапқан, 41 адам жарақаттанған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, былтыр ақылы жолдардан 90 млрд теңгеге жуық қаражат жиналды.

Сондай-ақ Түркістан облысындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автомагистраліне балама жол құрылысының мерзімінен кешігіп жатқаны туралы жазған едік