Түркістанда «Әйелдердің ел дамуындағы рөлі» атты форум өтуде

  ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Отырар аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен «Әйелдердің ел дамуындағы рөлі» атты аудандық әйелдер форумы өтті. Форумға аудан әкімінің бірінші орынбасары Айдос Құлмаханов, аудандық прокуратураның прокуроры Еркебұлан Баһадүр, төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Мейрамхан Кемелхан мен ауыл тұрғындары мен оқушылар қатысты.

ывывы
Фото: Түркістан обл әкімдігі

300-ден астам адамды қамтыған форумның негізгі мақсаты — тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңнаманы аудан тұрғындарына таныстыру.

Алғашқы болып сөз алған Отырар аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Берік Нышанбаев «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол жоқ» атты баяндама жасап, Тәуелсіз еліміздің ең басты құндылығы — адам бостандығы екендігін айтып өтті.

 — «Адам мен адамзаттың құқықтары мен бас бостандықтарын қамтамассыз ету және қорғау — Конституциялық заңдылықтың басты талабы. Ғасырлар бойы халқымыз «Отан — отбасынан басталады» — деген ұғымның тамырын тереңдетіп, ұрпағын, ұлттық тәрбие мен рухани құндылықты бойына сіңіріп, өсуіне ерекше көңіл бөлген. Өйткені, татулық пен бірлік, мейірім мен жанашырлық орнаған шаңырақта, рухы мықты ұрпақ өсіп жетілген. Қоғамдағы әр отбасының босағасы берік, мерейі үстем болса, мықты мемлекет пен бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастырамыз — деді ол.

Сондай-ақ, полиция полковнигі тәрбие-отбасынан басталатындығын айтып өтті.

 — Отбасы-адам баласының өсіп-өнер алтын ұясы. «Тәрбие басы-тал бесік» деп, қазақ халқымыз бекер айтпаған. Әл-Фараби атамыз айтқанындай, «тәрбиесіз алған білім — адамзаттың қас жауы, апаты». Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Осы бағытта отбасы институтының ең басты міндеті — салауатты ұрпақ тәрбиелеу, үлгі-өнеге көрсетіп, жақсы қасиетті жас ұрпақтың бойына сіңіру. Алайда бүгінгі қоғамда, ақпараттар алмасып, материалдық құндылықтар алға шыққан уақытта, көптеген елдерде отбасы институтының әлсірегені белгілі. Сондықтан, елімізде отбасылық тұрмыстық қатынастағы зорлық-зомбылық кеңінен талқыланып жатқан өзекті мәселенің бірі — деді полиция полковнигі.

Берік Нышанбаев зорлық-зомбылық жәбірленушілердің денсаулығы мен психикасынан бөлек, отбасындағы балалардың дамуына және болашақта қоғамға деген көзқарасына кері әсер ететіндігіне тоқталды. Оның айтуынша отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың басым бөлігі әйелдер мен балалар, ал кейбір жағдайларда ер кісілер де құрбаны болып жатқан жайттар орын алуда.

 — 2024 жылы 15 сәуір күні «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойылып, қазіргі таңда аталған заң күшіне еніп, заңды шаралар қолданылуда. Бұл заңның басты мақсаты, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық — зомбылықтың кез келген әрекеті үшін, жауапкершілікті күшейтуге, отбасы институын нығайту және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамассыз ету болып табылады. Бұл ретте, құқық бұзушылықтардың жауапкершілігі, әкімшілік жауапкершіліктен қылмыстық жауапкершілікке өзгертілді — деді Берік Нышанбаев.

Бүгінде Отырар ауданында отбасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 33 адамға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылса, 29 адамға қатысты мінез-құлқына сотпен ерекше талаптар белгіленген. ҚР ӘҚтК-нің 73 бабы бойынша — 49 адамның ісі сотқа жолданып, әкімшілік шара көрілген.

Құқық бұзушылыққа ықпал еткен себеп-салдарын анықтау және оларды жою мақсатында әрбір шақыртуға полициямен жан-жақты талдаулар жүргізілуде. Атап айтар болсақ, мас халде жасалатын қылмыстардың алдын алуды және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Ішімдіксіз ауыл» жобасы іске асып жатыр. Сондай-ақ, полиция қызметкерлерімен түнгі уақытта спирттік өнімдер сататын кафе, бар, дүкендердің сағат 23:00–де жабылуына көңіл бөлініп, күнделікті жұмыстар атқарылып келеді. Қазіргі таңда Қарғалы, Қоғам ауыл билері мен ақсақалдарының ұйытқы болуымен кәсіпкерлер ауыл іргесінде спирттік ішімдік сатудан бас тартты. Нәтижесінде аталған ауылдарда соңғы жылдары қандай да болсын қылмыс түрлері мүлдем тіркелген жоқ.

 — Ел болам десең — бесігіңді түзе» — деген сөздің мағынасы терең екені өздеріңізге белгілі. Қоғамның бесігі — отбасы. Әр шаңырақта тыныштық болмай, қоғамда маза болмайды. Отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу мақсатында полиция қызметкерлерімен «Тұрмыс» «Отбасындағы зорлық зомбылыққа жол жоқ» және «Отбасы күні» атты акциялар мен іс шаралар тұрақты жүргізіліп келеді. Өңірімізде мемлекетіміздің ертеңі болатын өскелең жастардың бақытты және білімді отбасында тәрбиеленуі үшін жұмыла жұмыс істеуге шақырамын. Біз тек, бәріміздің ортақ күш салуымызбен бақытты отбасын және бағытты қоғамды құра аламыз — деді Берік Нышанбаев.

Жиында Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов өткізіліп жатқан форумның маңыздылығына тоқтала келе аудан әкімінің атынан қоғам өміріне белсене араласып, жастарға тәлім-тәрбие беріп жүрген бір топ әйелдер, аналар қауымына алғыс хаттар мен гүл шоқтарын және бағалы сыйлықтарды табыстады.

Соңғы жаңалықтар