Түркістан облысында үш көлік соқтығысып, екі адам ауруханаға түсті
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында үш көлік соқтығысуы салдарынан екі адам зардап шекті.
Жол апаты Алматы – Термез – Ташкент тасжолында болған. ВАЗ маркалы жеңіл автокөлік екі жүк көлігімен соқтығысқан.
Оқиға орнынан түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде тарады. Кадрларда көліктердің соқтығысуынан кейінгі жағдай бейнеленген.
– Алматы – Термез – Ташкент автожолында үш көліктің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Екі жүк көлігі мен ВАЗ маркалы автокөліктің соқтығысуы салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен жолаушысы жарақаттанып, емханаға жеткізілді, – деп хабарлады Түркістан облысының полиция департаменті.
Қазіргі уақытта полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шешім қабылданады.
Бұған дейін Алматыда адам өліміне себеп болған жол апатына қатысты істің қайта қаралатынын хабарлаған едік.