Түркістан облысында зауыттан шығатын жағымсыз иіске ауыл тұрғындары наразы
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысы Төлеби ауданы Бірінші мамыр ауылында тұрғындар балмұздақ өндіретін зауыттың кәріз суынан шығатын сасық иіске шағымданды.
Олар бұл жағдайды айтып, тиісті мекемелердің табалдырығын талай тоздырған. Алайда мардымды нәтиже болмаған. Тұрғындардың айтуынша, жағымсыз иіс бірнеше жылдан бері «Балмұздақ» зауытының аумағынан тарайды.

– Бұл мәселенің бізді мазалап келе жатқанына 20 жылдай уақыт болды. Тұрғындар үйлерін сатуға мәжбүр. Өйткені жаз мезгілінде тыныс алу тіпті қиын. Тәулік бойы құрылғылардың шуы естіледі. Қаншама рет шағымдандық. Нәтижесінде айыппұл салынады, одан мүңкіген иіс кетіп жатқан жоқ. Қазір зауыт кеңейтіліп, құрылыс жүргізілмек. Бәрі заң шеңберінде болса, қарсы емеспіз, бірақ зауыттың тұрғындарға үлкен зардабы тиіп жатыр, – дейді ауыл тұрғыны Жұлдызхан Шанбаев.
Бүгінде ауылда 7500-нан аса адам тұрады. Әсіресе, зауыттың маңайында тұратын халық қатты наразы. Мұндағы тұрғындар өз үйінен кетуге асығатын күйге жеткен. Ал кәсіпорын болса төңіректі жайлаған жағымсыз иіс бойынша тек айыппұл төлеумен шектеледі.

Зауыт басшылығы иісті жою үшін өткен жылы арнайы қалдық суларды тазалайтын құрылғылар сатып алынғанын айтты. Келесі жылы Қытайдан қосымша қондырғыларды әкелу бойынша келіссөз жүргізіліп жатыр екен.
Ауыл әкімі Бақытбек Саттарұлының айтуынша, Ленгірде кәріз жүйесінің құрылысы басталған. Зауыттың кәріз құбыры осыған тікелей қосылмақ.
– Сметалық құжаттар жасалынып қойды. Оның арасы 10 шақырымнан асады. Сол іске асса, бұл мәселе түбегейлі шешілуі мүмкін. Ол енді нақты белгісіз, алдағы жылдардың еншісінде, – деді ауыл әкімі бізге берген жауабында.

Қазір аталған зауыт басшылығы өндірісті кеңейту мақсатында кәсіпорынмен іргелес жатқан аумақтағы бірнеше азаматтың тұрғын үйін сатып алып, құрылыс жұмыстарын бастап кеткен.
Бұдан бұрын түркістандық шаруалар мақта бағасына қатысты наразылық білдіргенін жазған едік.