Түркістан облысында жалпыхалықтық сенбілікке 25 мыңнан астам адам қатысты
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM- Наурыз мерекесі «Наурыз – тазалықтың айнасы» атауымен қорытындыланды. Игі шара аясында өңірдегі 17 аудан, қалада жалпыхалықтық сенбілік өтті.
Сенбілікке облыс орталығындағы барлық басқармалар мен департаменттің және жергілікті аудан, қала әкімдіктерінің қызметкерлері, мемлекеттік мекемелердің, ұйымдардың, кәсіпкерлік нысандардың мамандары қатысты.
Жалпы 25 мыңнан астам адам өзен, көл арналарын ретке келтіріп, елді мекендердегі көше бойларын қоқыстан тазартты. Нәтижесінде 5 мың тоннаға жуық қоқыс жиналып, арнайы орындарға тасымалданды.

Сондай-ақ, алдын ала белгіленген орындарға ағаш көшеттері отырғызылды. Экологиялық аймақтардың тазалығын сақтау, су айдындарының арналарын ашу, көше бойларын және арық-атыздарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бастамасымен өткен шара алдағы уақытта да аудан, қалаларда өз жалғасын табады.