Түркістан облысында жыл басынан бері мемлекетке қанша жер қайтарылды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында биыл мақсатына сай пайдаланылмаған 47,6 мың гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.
Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің айтуынша, өңірдің жалпы жер қоры 11 млн 610,3 мың гектар. Биыл мақсатына сай пайдаланылмаған 40 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған болса, бүгінгі күнге дейін бұл көрсеткіш 47,6 мың гектарға жеткен.
Оның айтуынша, қазіргі таңда облыс бойынша 87 мыңнан астам жеке және заңды тұлғаның иелігінде жалпы көлемі 4 млн 527,3 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері тіркелген. Жер пайдаланушыларға жерді нысаналы мақсатына сай пайдалану қажеттігі жөнінде хабарламалар берілген.
– Жыл басында елдімекендерде 531,1 мың гектар қоғамдық жайылым тапшылығы анықталды. Биыл бұл мәселені шешу мақсатында мемлекет меншігіне қайтарылған жайылымдардың 161,9 мың гектарын ауылдық округ әкімдіктеріне қоғамдық жайылым ретінде бекіту жоспарланған еді. Жыл басынан бері 165,6 мың гектар жайылым жер қоғамдық жайылым үшін бекітілді. Нәтижесінде қоғамдық жайылым тапшылығы 365,5 мың гектарға дейін төмендеді, – деді спикер.
Сондай-ақ жұмыс органы тарапынан бүгінге дейін 97 жер пайдаланушыға тиесілі 181 жер учаскесінің құжаттары қаралған.
Бұдан бұрын Түркістан облысында 530 мың гектардан астам қоғамдық жайылым тапшы екенін жазған едік.