Түркістан облысында жол апатынан зардап шеккендердер жансақтау бөлімінде жатыр
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Дене жарақатын алған төрт науқас та кәмелет жасына толмаған.

Түркістан облысында жол апатынан зардап шеккен 4 адам Кентау қалалық орталық ауруханасында ем қабылдап жатыр. Олардың үшеуі жансақтау бөлімінде жатқазылған. Ал, біреуі сынық-сырқат бөлімінде ем қабылдап жатыр.
— Орталық аурухананың қабылдау бөліміне жедел жәрдем бригадасымен төрт науқасты алып келді. Үшеуінің жалпы жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр. Бір науқас травматология бөліміне жатқызылды. Медициналық көмек дер кезінде көрсетілді, емдеп жатырмыз. Ішінде бір науқастың жағдайы тіпті ауыр. Дәрігерлер қолдан келген ем-домның барлығын жасап жатыр, - деді Кентау қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері Асылбек Утебаев.
Айта кетейік, кеше Кентаудағы жол апатынан 6 адам қайтыс болды. Екі көліктің қатысуымен болған жол апаты бойынша тәртіп сақшылары тергеу жүргізіп жатыр.