Түркістан облысында жол жөндеген компанияға 3 млн теңгеге жуық айыппұл салынды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Өңірде жолды сапасыз жөндеген 2 мердігер компания мен 2 техникалық қадағалаушы жауапқа тартылды. 

жол
Фото: Орал қаласы әкімдігі

Мердігер компаниялар жолдардың орташа жөндеу жұмыстарын келісімшартқа сай істемеген. Олқылықты анықтаған ұлттық сапа орталығы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына арнайы хат жолдап, оң шешім алды.

Екі мердігер компанияның әр қайсысына 3 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Ал, құрылыс жұмыстарына немқұрайлы қараған техникалық қадағалаушының әрбірі 600 мың теңге көлемінде айыппұл төлейтін болды.

«Қалалық және аудандық жолдарда ақау көп. Құзырлы мекеме өткен жылы 500-ге жуық трасса құрылысын тексеріп, 1 222 сынама алды. Соның 968-і нормаға сай болмады. Мамандардың нұсқауынан кейін мердігерлер 8 млн теңгеге қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Кейбір кемшіліктер әлі түзелген жоқ. Сондай-ақ ұлттық сапа орталығы облыстық маңызы бар 27 жолдың құрылысын бақылауға алған. Осы нысандарды 139 рет тексеріп, 943 сынама алды. Соның 327-і нормативтерге сәйкес келмеді. Мердігерлер өз қаржысы есебінен 323,2 млн теңгеге қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді», - делінген Ұлттық сапа орталығы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратта.