Түркістан облысындағы 33 лагерьдің 17-сі ғана оң қорытынды алды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Өңірдегі жазғы сауықтыру лагерлерінің санитарлық жағдайы қатаң бақылауда. Бұл туралы Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақов мәлімдеді.

бала
Фото: ДСМ

Жаз мезгілінде мектеп оқушыларына 33 сауықтыру лагері қызмет көрсетеді. Онда 70 мың бала демалады деп жоспарланған. Соның ішінде 50 мың балаға әлеуметтік жағдайына байланысты бюджет есебінен тегін жолдама берілсе, 20 мың жеткіншек лагерьге ақылы түрде барады. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыста жалпы 3421 оқушы жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылады.

«Бүгінде Түркістан облысындағы балаларды сауықтыруға арналған жазғы демалыс мекемелерінің санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын қадағалау шаралары жүргізіліп жатыр. Осы орайда лагерь қызметкерлерінің гигиеналық дайындығы тексеріліп, алдын ала медициналық тексеруден өтуі бақылауға алынған. Биыл облыс көлемінде 33 жазғы сауықтыру лагерінің ашылуы жоспарланған. Оның 17-і жергілікті санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тарапынан тексеріліп, оң қорытынды алды. Ал, 3 лагерьдің санитарлық кемшіліктері түзетіліп жатыр. Қалған демалыс орындарын санитарлық талаптарға сәйкестендіру үшін тиісті жұмыстар жүріп жатыр», - деді Асқар Ысқақов.