Түркістан облысындағы 852 елді мекенді көгалдандыруға 4 миллионнан астам көшет егіледі

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Биылғы көктемде өңірде 500 мыңнан аса көшет отырғызылады.

көшет
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

«Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілген болатын. Аталған жоспар аясында өңірдегі 852 елді мекеннің шамамен 90% көгалдандыру үшін 4 миллионнан астам көшет егу жоспарланып отыр.

Жоспар бойынша 2022 жылы — 251 685 дана, 2023 жылдың көктем айларында — 532 682 дана және күз айларында 556 262 дана әртүрлі көшеттер отырғызылды. Ал, биылғы көктемде өңірде 500 мыңнан астам көшет егілмекші. 

көшет
Фото: Түркістан қалалық әкімдігі

Сонымен қатар, облыс әкімі Дархан Сатыбалды өзге елдердің тәжірибесін пайдалана отырып, заманауи тұқымбақ ашуды тапсырған болатын. Бүгінгі таңда бұл бағытта да тиісті жұмыстар атқарылуда. Мәселен, облыстағы замануи тұқымбақты «Жасыл аймақ» КММ-нің базасында ашу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда тұқымбаққа арналған жерлер нақтыланып, мемлекеттік акт алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, қалған орман шаруашылығы мекемелерінде қосымша замануи тұқымбақ бұрыштары ашылады. 

Түркістан
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

«Қазіргі таңда аудан, қала әкімдіктеріне жергілікті өнімділігі жоғары көшет түрлері мен гүлді ағаштарды босату жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2023 жылы аудан, қала әкімдіктеріне жалпы 1 миллионнан астам көшет, оның ішінде 101 573 дана гүлді ағаштар егілді. Биылғы жылдың көктем айларында жоспарға сәйкес 522935 дана көшет егіледі деп жоспарланып отыр. Оның ішінде гүлді ағаштардың 5500 түбі әзірленіп, аудан, қалаға үлестіруге дайын тұр», — деді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев.

Соңғы жаңалықтар