Түркістан облысындағы мектеп аулаларына 10 мыңнан астам құс ұясы орнатылды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Мектеп жанындағы ағаштарға орнатылған ұяларды көркем еңбек пәнінің мұғалімдері мен оқушылар әзірледі.
«Біз қамқоршы баламыз, құстарға ұя саламыз!» ұранымен өткен іс-шара барысында өңірдегі 1 040 мектептің ауласындағы ағаштарға 10 мыңнан астам құс ұясы орнатылды. Сондай-ақ онда жем шашатын ыдыстар қойылып, оған құс азықтары салынды.

«Көктемнің алғашқы жаршысы құстарға қамқор бола білу – балаларды ұйымшылдыққа, бірлесіп еңбек етуге тәрбиелейді. Мұны бүгінгі өткен экологиялық іс-шарадан айқын байқауға болады. Науқан шеңберінде жас буынның құстарға қамқорлық танытып, өз қолдарымен азық беріп, ұя жасап жатқаны көпшілікті қуантты. Осындай игі бастама алдағы уақытта да жалғасын таба бермек», - деді облыстық «Білім беруді дамыту орталығы» КММ әдіскері Нұғман Архабаев.
