Түркістан облысындағы шекара маңында 42 вагон картопты үсік ұрып кетті
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Шекарада қалып қойған өнім суыққа шыдамаған.

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, Павлодардан Өзбекстанға жөнелтілген картопты жергілікті ауыл шаруашылығы қызметкерлері «құжаттарын тексереміз» деп Сарыағашта тоқтатқан. Содан шекара маңында тұрып қалған өнім аяздан үсіп кеткен. Ал, күн жылынғанда суы ағып, жарамсыз күйге түскен.
«Әр вагонда 68 тонна картоп барын, қазақ кәсіпкерлері 800 млн. теңге шығынға батқанын ескерсек шенеуніктердің тірлігіне кәдімгідей қарның ашады?!» - деп жазды facebook парақшасында Бахтияр Хамит есімді желі қолданушысы.
Аталған ақпаратқа ауыл шаруашылығы министрлігі ресми түрде жауап берді.
«Жүк жөнелтушілер жалпы көлемі 2,7 мың тонна картоп партиясына фитосанитариялық сертификаттарды үшінші елдерге көліктің барлық түрлерімен әкетуге тыйым салғанға дейін алғанын хабарлаймыз. Алайда, «Сарыағаш» станциясындағы шекарадан өту кезінде экспорттық шарттарда көрсетілген картоптың құны мен нақты нарықтық құнының айтарлықтай төмендеуіне байланысты жүк жөнелтушілерге сұрақтар туындады. Құжаттарға сәйкес экспортқа сатылым, картоптың килограммына 40-50 тенгеден белгіленген. Осы себепті вагондар барлық жағдайлар анықталғанға дейін ұсталды» - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ, министрлік құжаттаманы тексергеннен кейін 42 вагон картоп Өзбекстан Республикасының аумағындағы межелі жерге жіберілгенін мәлімдеді.
«Тексеру кезінде кәсіпкерлер тауардың бүліну қаупі төнген жағдайда картопты ішкі нарыққа бәсекелестік бағамен сатуға мүмкіндігі болды. Айта кетейік, барлық 10 жүк жөнелтуші картоптың жай-күйіне қатысты мемлекеттік органдарға шағым түсірмеген. Туындаған жағдайды реттеу үшін ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес 2025 жылғы 18 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне әкетуді қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағынан көліктің барлық түрлерімен картопты әкетуге 6 ай мерзімге тыйым салынғанын еске саламыз» - делінген министрлік ұсынған ақпаратта.
Айта кетейік, 28 қаңтардан бастап Қазақстан аумағынан үшінші елдерге картоп шығаруға тыйым салынды.