Түркістан облысының қай аймағында экологиялық жағдай нашар
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Атмосфералық ауаның ластануы бойынша жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғаларына 7,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.

Түркістан облысы бойынша экология департаментінің мәліметіне сүйенсек, өңірдегі Созақ ауданында уран өндіру кәсіпорындарының, Сарыағаш ауданында жылыжайлардың және Ордабасы ауданында қыш өндіру зауыттарының көп орналасуына байланысты экологиялық жағдай жиі нашарлайды.
Департамент тарапынан Қазақстан Республикасы Экология Кодексі талаптарының сақталуына жыл басынан бері 6 рет тексеру жүргізілген. Нәтижесінде 21 экологиялық заң бұзушылықтар анықталып отыр. Онда 8 нұсқама беріліп, жеке және заңды тұлғаларға 84,3 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.
Сонымен қатар, облыс аумағында бей-берекет қоқыс орындарының белгіленбеген орындарда заңсыз жинақталуы және қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының өртенуі салдарынан атмосфералық ауаның ластануы бойынша жергілікті атқарушы органдардың лауазымды және заңды тұлғаларына 7,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Олардың ішінде Ордабасы, Сауран, Жетісай, Қазығұрт, Келес ауданы мен Сарыағаш. Түркістан қаласы әкімі аппаратының лауазымды тұлғалары және ауылдық округ әкімі аппаратының қызметкерлері бар.
— Облыс аумағында экологиялық мәселелерді жақсарту мақсатында, 2020-2024 жылға 23 іс-шараны құрайтын жол картасы бекітілген болатын. Қазіргі таңда, 14 іс-шара орындалды. Олар қала аумақтарын газдандыру жұмыстарын жүргізу, қоқыс үйінділерін жою, жасыл желектер алаңдарын ұлғайту және тағы басқа да іс-шаралар тұрақты түрде орындалу сатысында. Қазіргі таңда, 2024-2026 жылдарға арналған экологиялық мәселелерді кешенді шешудің жол картасы жаңартылды, — делінген департамент ақпаратында.
Айта кетейік, бұдан бұрын қалдықты қайта өңдеу жобалары неге баяу атқарылатындығын жазған болатынбыз.