Түркістан облысының кей аудандарында сел жүретін қауіпті аймақтарға тұрғын үй салынып кеткен
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Су тасқынын алдыну алу мәселелері облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында талқыланды.

Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Асқар Төлешев өткен айда таудағы жиналған қар қорының көлемі нормадан төмен екендігін жеткізді. Дегенмен, «Қазгидрометтің» РМК-ның ақпан айына жасалған болжамында облыстың барлық аймағында түсетін жауын-шашын көлемі нормадан жоғары болатындығы көрсетілген.
Бүгінде департамент мамандары өзендер мен су қоймаларға күнделікті мониторинг жүргізуде. Облыста 42 су қойма бар. Олардың толуы 40-45 пайызды құрайды. Ал «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінде тасқын суды қабылдауға шамамен 2,8 млрд. текше метр көлемінде бос қор бар. Мамандардың айтуынша жағдай тұрақты, әрі қауіпсіз.
Сонымен қатар, облыс аумағында 149 өзен, 31 су қойма, 2 табиғи көл, барлығы 182 су нысаны бар. Су қорғау аймақтары мен белдеулерінде 34190 тұрғын үй орналасқан. Қазіргі таңда алаңдаушылық тудырып отырған үйлерді төтенше жағдайлар департаменті мен аудан әкімдіктері қатаң бақылауда ұстауы қажет. Лай көшкініне қарсы дайындықта бақылауға алынуы тиіс.

Жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасының басшысы Санжар Бүрлібаевтың айтуынша кейбір аудандарда арық-атыздар мен каналдар тазартылмаған. Төлеби ауданында сел болу қауіпі бар аймақтарда кэмпингтер мен тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары жүргізілгені анықталды. Осындай жағдайлар Қазығұрт пен Түлкібас аудандарында болуы мүмкін деген басқарма басшысы жол талғамайтын, сазда жүре алатын техниканың жетіспейтінін атап өтті.
Жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауаптыларға маңызды мәселерге бей-жай қарамауды тапсырды.
«Жауапты басқармалар, аудан, қала әкімдері Төтенше жағдай департаментімен бірлесіп, қауіпсіздік шараларын үнемі пысықтап отырсын. Өзен-көлдер мен су нысандарының жай-күйі тұрақты бақылауға алынуы тиіс. Тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау – басты міндет. Су тасқынына қарсы жоспардағы іс-шаралар толық орындалуы тиіс», – деді Дархан Сатыбалды.
Айта кетейік, жыл сайын облыс аумағында «Көктем» республикалық командалық оқу-жаттығуы өткізіліп, азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарының дайындығы пысықталады. 8-9 ақпан күндері «Көктем-2024» оқу жаттығуы Бәйдібек ауданында практикалық тұрғыда өткізілді. Оқу-жаттығуға барлық азаматтық қорғау қызметтері жұмылдырылды.