Түркістан облысының Сауран ауданына жаңа әкім тағайындалды

әкім
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Түркістан облысының Сауран ауданына жаңа әкім тағайындалды, деп хабарлайды Kazinform.

ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслиxаттың келісімімен Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының өкімімен меритократия қағидатына сәйкес Сауран ауданының әкімі болып Мақсат Асылбекұлы Таңғатаров тағайындалды.

Ауданды бұған дейін басқарған Ғалымжан Үсенбаев өз өтінішімен жұмысынан босатылды.

Аймақ басшысы ауданның дамуына үлес қосқан Ғалымжан Үсенбаевқа алғысын айтып, жаңа бастамаларына сәттілік тіледі.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аудан активіне жаңа әкімді таныстырып, алдағы мақсат-міндеттерін айқындап берді.

әкім
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Жаңадан тағайындалған аудан әкіміне басты назар аударып, атқаруды қажет ететін мәселелерді шешуді міндеттеді. 

Мақсат Таңғатаров 1981 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде «экономика» және «құқықтану» мамандықтарын меңгерді.

Еңбек жолын 2003 жылы Түркістан қалалық білім бөлімінде есепші болып бастады. 2012-2017 жылдар аралығында Түркістан қалалық әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінің басшысы болды.

2017-2019 жылдары Түркістан қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

2019-2021 жылдар аралығында Түркістан қаласы әкімдігінің туризм бөлімі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде басшылық лауазымдарда еңбек етті.

2021-2023 жылдары Түркістан қалалық мәслихатының хатшысы, 2023 жылдың шілде айынан бері Сауран ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді. 

Соңғы жаңалықтар