Түркістан өңірінің түлектері ауылдарына «Рәміздер» алаңын тарту етіп жатыр

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM-Бүгін Сауран ауданы Нұртас ауылында Рәміздер аллеясы ашылды. Сондай-ақ, ауылдағы Амангелді атындағы жалпы орта мектебін 20 жыл бұрын бітірген түлектер 27 метр биіктікке Мемлекеттік Ту орнатты.

Рәміздер
Фото: Kazinform

Түркістан облысында мектепті 20-30 жыл бұрын бітірген түлектер туған ауылдарына «Рәміздер» алаңы мен Тутұғыр салып беруде. 

Өткен жылы Созақ ауданындағы түлектердің осындай тартуы ауыл тұрғындарын қуанышқа бөлеген болатын. «Созақ» мектеп гимназиясын 20 жыл бұрын бітірген түлектер ауылға кіре-берістегі саябақ алдына «Рәміздер» алаңын салып берді. 23 метр биіктікке Мемлекеттік Ту орнатылды және Елтаңба мен Қазақстан картасы бейнеленіп, Әнұран мен ауыл тарихы жазылған үлкен белгі қойылды. Аллея аумағы абаттандырылып, шырша егілді.

Рәміздер
Фото: Kazinform

Сонымен қатар, Отырар ауданының екі бірдей ауылында да игі бастама іске асты. Атап айтқанда, Балтакөл және Маяқұм ауылдарының мектепті 20, 30 жыл бұрын бітірген түлектері өз қаражатына «Рәміздер» алаңын салып берді. Жақсы үрдіс биыл да жалғасын тапты. Сауран ауданындағы мектеп түлектері ауылдарына 2 Тутұғыр орнатты. 

Рәміздер
Фото: Kazinform

Бүгінде жалпы өңірдегі Тутуғыр саны 26-ға жетті. Биыл Мақтаарал ауданында демеушілердің қолдауымен тағы да 1 «Рәміздер» алаңы бой көтереді деп жоспарланып отыр.

Рәміздер
Фото: Kazinform
Рәміздер
Фото: Kazinform