Түркістанда 1,5 тонна дөңгелек қалдығын заңсыз тастағандар анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облысында полицейлер 1,5 тонна автокөлік дөңгелектерінің қалдығын заңсыз тастаған тұлғаларды анықтады, деп хабарлайды ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Түркістанда 1,5 тонна дөңгелек қалдығын заңсыз тастағандар анықталды
Фото: pixabay

Түркістан қаласында қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.

— Профилактикалық іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері Қызылорда тасжолы бойында орналасқан көлік желімдеу орталығының жұмысшыларының белгіленбеген орынға шамамен 1,5 тонна автокөлік дөңгелектерінің қалдығын тастағанын анықтады. Сондай-ақ Тәуке хан даңғылы бойында құрылыс қалдықтарын рұқсат етілмеген жерге төккен тұрғын белгілі болды, — делінген хабарламада.

Аталған деректер тәртіп сақшыларының бейнежетонына тіркелген. Аталған құқық бұзушылықтар бойынша кінәлі тұлғаларға абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік шаралар қолданылды.

Тәртіп сақшылары қала тұрғындарын тазалықты сақтауға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға және белгіленген талаптарды қатаң ұстануға шақырады.

Бұған дейін Қызылорда облысында 200-ге жуық заңсыз қоқыс орны анықталғанын жаздық.