Түркістанда 300-ден астам мектеп Starlink интернетіне қосылды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында демографиялық өсім жоғары және мектептерде 35 мың оқушы орынға тапшылық бар. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалды айтты.

Starlink
Photo credit: Kazakh Enlightenment Ministry

Аталған мәселені шешу үшін биыл өңірде 50 мектеп салынып жатыр. Оның ішінде 29 нысан «Жайлы мектеп» жобасы аясында соғылуда. Нәтижесінде, мектептегі орын тапшылығы мен апатты және ауысымды мектептер мәселесі шешіледі.

«Биыл алғаш рет көптен бері жөндеу көрмеген 300-ден астам мектептерге жаңғырту жұмыстары жүргізілді – 193 мектепте жоспарлы жөндеу, 107 мектепті газға ауыстыру, 16 мектепке күрделі жөндеу жасалды. Бұл мақсатқа бюджетті үнемдей отырып, 12 млрд теңгеден астам қаражат бөлдік. 330 мектеп жоғары жылдамдықты Starlink спутниктік интернет технологиясымен қамтылды», - еді Д. Сатыбалды Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, әкімнің айтуынша, биыл облыстағы құрылыс көлемі 343 млрд. теңгеге жетіп, 131% өсімді көрсетті. Биыл облыста кезекте тұрған 5 мыңнан аса отбасының баспана мәселесі шешіледі.

Айта кетейік, республикадағы көпбалалы отбасылардың төрттен бірі Түркістан облысына тиесілі. Мұнда еңбекке қабілетті жастардың үлесі мол. Сондықтан Түркістанда шетелге жұмыс күштерін дайындайтын Арнайы орталық ашылды. Бұл орталық Ұлыбритания және Оңтүстік Кореяда жұмыс істегісі келетін азаматтарды оқытып, дайындайды.

Облыстағы индустриялық аймақтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында индустриялық аймақтарда электр энергиясы тарифі 47 теңгеден 25 теңгеге дейін арзандатылды

Сондай-ақ, Түркістан облысында заманауи мал биржасы, бордақылау кешені, ет өнімдерін терең және қайта өңдеу бағытында 5 жаңа жоба жүзеге асады.