Түркістанда әйелін пышақтап өлтірді деген күдікпен ер адам қамауға алынды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістанда 54 жастағы әйелін пышақтап өлтірді деген күдікпен ер адам ұсталды.
Көршілерінің айтуынша, ер адам оқиғадан кейін өз өмірін қиюға әрекеттенген. Олар бұған дейін бұл көпбалалы отбасы тарапынан қандай да бір келеңсіз жағдай байқамағанын айтады.
Оқиғаға қатысты Түркістан облысы полиция департаменті түсінік берді.
— Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, — деді облыстық полиция департаменті Тергеу басқармасының бастығы Мұхтар Сейділдаев.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар атқарылып жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті шешім қабылданады.
Полиция тергеу мүддесіндегі өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайтынын мәлімдеді.
Бұған дейін Атырау тұрғыны үш жасар қызының көзінше әйелін пышақтап өлтіргенін жазған едік.