Түркістанда биіктігі 22 метрлік шырша орнатылды
Түркістан облысында бас шыршаның шамы жағылды, деп хабарлайды Kazinform.
Салтанатты шараға қатысқан Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков пен Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сарсенбаев, тұрғындарға ақ тілектерін жеткізді.

Балалар үшін арнайы жаңа жылдық әндер шырқалып, ертегі кейіпкерлері ерекше көңіл күй сыйлады. 20 бала Аяз атадан сыйлық алып, қуанышқа кенелді.
Сондай-ақ, бүгін облыс орталығында ерекше балаларға арналған мерекелік жиын өтті. «Мейірімді жүрек» акциясы аясында ұйымдастырылған салтанатты шарада 120 бала ертегілер әлеміне саяхат жасап, қала әкімінің жаңа жылдық тартуын алды.

Биыл Түркістан қаласында жаңа жылдық шырша үш жерге орнатылады. Оның бірі рухани-мәдени орталық аумағында болса, екіншісі Жеңіс саябағына қойылмақ. Ал, әкімшілік-іскерлік орталығында тұрған бас шыршаның биіктігі 22 метрді құрайды.

Бір айта кетерлігі, биыл мерекелік безендіруге бюджеттен қаржы бөлінген жоқ. Қолданыстағы шыршалар мен 40-тан астам маф тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлайтын болады.
