Түркістанда білім саласы қызметкерлері 400 млн астам мемлекет қаржысын талан-тараж қылған

АСТАНА. KAZINFORM – Түркістан облысында 400 млн теңгеден астам мемлекет қаржысын талан-таражға салған білім саласының қызметкерлерінің жымқыру әрекеттері анықталды – деп жазды Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі.

Мемлекетке 53 млрд теңгеден астам соманың активі қайтарылды – прокуратура
Фото: Рустем Айтхожин/Kazinform

Білім беру саласындағы қаражатты аса ірі мөлшерде ұрлау фактілерін ҚМА Түркістан облысы бойынша Департаменті анықтады.

Сеніп тапсырылған мүлікті заңсыз иемденді деген күдікке «Келес ауданының білім бөлімі» ММ бухгалтерлері ілінді, олар 2021-2023 жылдар аралығында білім беру мекемесінің қызметкерлерінің көрінеу жалған мәліметтерін базаға енгізген.

«Мектеп қызметкерлерінің карт-шоттары мен жеке сәйкестендіру нөмірлері (ЖСН) есепшілермен байланысты азаматтардың ЖСН-не ауыстырылғаны анықталды»,- делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта мемлекетке келтірілген залал 400 млн теңгеден асады.

Көрсетілген фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды және күдікті адамдарға қатысты сот қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.

ҚР ҚПК-нің 201-бабы тәртібіндегі өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.