Түркістанда бір жастағы сәби тауықтың сүйегін жұтып қойды

Бір жастағы түркістандық сәби тауықтың сүйегін жұтып қойды
Фото: pexels.com

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Облыстық балалар ауруханасының дәрігер-эндоскописты Бабуржан Рахманқұлов 1 жас 3 айлық бүлдіршіннің өмірін сақтап қалды. Дәрігер сәбидің тыныс алу жолына тұрып қалған тауықтың сүйегін алып тастады.

Анасының айтуынша, бала кешкі сағат 22:00 шамасында полиэтилен пакетімен ойнап отырып, тұншыға бастаған. Жөтелден кейін өкпесінде сырылдар пайда болып, демала алмай қалыпты.

Жағдайының нашарлауына байланысты «Мақтаарал» орталық ауруханасына жүгінген. Ауыр халдегі сәби бірден жансақтау бөліміне жатқызылды. Санитарлық авиация желісі арқылы облыстық балалар ауруханасының балалар торакальды хирургы мен реаниматологы ауруханаға жіберілді. Шұғыл түрде зерттеу өткізіліп, бронхоскопия арқылы сол жақ негізгі бронхтан тауықтың сүйегі алынды. Нәтижесінде қауіп сейіліп, баланың денсаулығы қалыпты жағдайға түсті.

Айта кетейік, бұған дейін шымкенттік дәрігерлер салмағы 980 гр болып туған сәбиді аман алып қалған болатын. Дәрігерлер оның өмірі үшін 28 күн күрескен.

Соңғы жаңалықтар