Түркістанда экзотикалық сары қарбызға сұраныс көп
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Түркістанда Тайландтан жеткізілген экзотикалық жемістер сатылады.

Түркістан қаласында сары қарбыз сататын дүкен бар. Кәсіп иелері бұл жемісті Алматыдан арнайы алып келеді. Ал, Алматыға Тайландтан жеткізіледі.

Жергілікті тұрғындардың таңсық дүниеге деген сұранысы жоғары. Сатушылардың айтуынша, әсіресе жүкті келіншектер ішінде сары қарбызға жерік болатындар көп. Сондай-ақ, алыс-жақын қалалардан арнайы тапсырыс беретіндер де бар.
«Алматыға әр барғанда 50-ге жуық қарбыз алып келеміз. Сырты қалыпты қарбыз болғанымен, іші сары. Бір жетінің ішінде өтіп кетеді. Қарбыздың бір данасы 3500-4000 теңге тұрады. Дәмі тіл үйіреді. Сұраныс та жақсы. Негізгі тұтынушыларымыз жүкті келіншектер», - дейді Дархан Шоқанұлы.
Экзотикалық жемістер дүкенінде шетелден жеткізілетін жеміс-жидектер көп. Манго, ананас, лимонның түр-түрі бар. Жаңадан келген жемістерді дүкен иесі әрдайым видеоға түсіріп, желіге жүктеп отырады. Тіпті, қабығын қалай ашып, қалай жеу керектігін де видео арқылы түсіндіреді.
«Бізде қарбыз жыл он екі ай сатылады. Қызыл қарбыз да бар. Оны да шетелден алдырамыз», -дейді кәсіп иесі.