Түркістанда халықтың бірлігін бейнелейтін киіз үй тігілді
Түркістанда халықтың бірлігін бейнелейтін киіз үй тігілді, деп хабарлайды Kazinform.
Түркістан қаласындағы «Этноауыл» кешенінде Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихи-ағартушылық «Бір ел» жастар жобасы аясында киіз үй тігу іс-шарасы өтті.
Игі шарада «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары Нұрлан Шубаев барлық этнос өкілдерінің біртұтастық пен келісімде бір ортаны мекен етуі ел іргесінің беріктігіне ықпал ететінін жеткізді.

Бұл іс-шара Қазақстан халқының бірлігін, үйлесімді этносаралық қатынастарды, туған ел, Отанды бейнелейтін қазақтың қасиетті символына құрмет көрсету мақсатында өткізілді. Сондай-ақ ортақ шаңырақ астында елдің бірлігін, Отан игілігі үшін қазақстандықтардың бірлескен еңбегін, әр адамның елдің дамуына қосқан үлесі мен атсалысуын білдіреді.
Жиында ел жастары киіз үйдің уығын шаншып, шаңырағын тіктеп, биікке көтерді. Сондай-ақ ізгі ниеттерін білдіріп, ақсақалдардың ақ батасын алды. Салтын сақтап, дәстүрін дәріптеген этнос өкілдері қазақ жерін, әсіресе қасиетті топырақты қоныс еткендерін қуанышпен жеткізді.

Айта кетейік, Түркістан қаласында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихи-ағартушылық бағыттағы «Бір ел» атты жастарға арналған іс-шара өтті. Жобаға еліміздің барлық өңірінен 100-ге жуық жас келген.