Түркістанда қоқыс алаңдары саябаққа айналып жатыр
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Конституция күніне орай Бекзат тұрғын алабында жаңа саябақ ашылды. Бұл қаладағы заңсыз полигон болып келген аймақтарда салынған бесінші демалыс орны.
Жалпы аумағы 3 гектарды құрайтын саябақта тұрғындар мен қала қонақтарының тынығуына қолайлы жағдай жасалған. 24 мың шарты метр аумақ көгалдандырылып, 3500 ағаш отырғызылған.

Аумақта балаларға арналған ойын алаңшасы мен воркаут алаңы бар. Мерекелік кештерді өткізуге арналған сахна да қарастырылған. Келушілер үшін 1200 шаршы метрді құрайтын автотұрақ жұмыс істейді. Одан бөлек, 20 орындық пен 20 қоқыс жәшігі орнатылып, аяқ жол тақтайшалары төселген. Арнайы трансформатор орнатылып, саябақ толық жарықтандырылып, қоршалған.

«Жауапты мердігер мекеме мұндағы көгалдандыру жұмыстарын өз есебінен жүргізіп отыр. Жалпы қала әкімінің Бекзат тұрғын алабы тұрғындарымен кездесуінде көтерілген 50 мәселенің барлығы орындалды. Бүгін жаңадан ашылған саябақ – шешімін тапқан мәселелердің бірі. Сондай-ақ, қазіргі таңда тұрғындардың өтінішіне сәйкес Бекзат аллеясы жөндеуден өтуде және Жандосов көшесінің бойына әсемдік қоршаулар орнатылып жатыр», - делінген Түркістан қаласы әкімдігі таратқан ақпаратта.
Саябақтың ашылу салтанатына қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков және зиялы қауым өкілдері мен қалалық мәслихат депутаттары қатысып, жергілікті тұрғындарды мерекемен құттықтады.

Сондай-ақ, бірқатар азаматтар «Түркістан қаласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және алғыс хаттармен марапатталды.