Түркістанда қуаты 500 МВт болатын жылу энерго орталығы салынады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістанда қуаты 500 МВт жылу энерго орталығы салынады. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов Түркістан облысының тұрғындарымен кездесуде айтты.
Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов Түркістан облысының тұрғындарымен кездесті.
Жиынға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов және энергетика саласына қатысты жауапты мамандар қатысып, халықты толғандырған мәселелерді тыңдады.
Әлібек Жамауов министрлік тарапынан сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Отын-энергетика кешеніндегі қазіргі жағдайды және өңірді газдандыру мәселесі туралы мәлімдеді.
«Түркістан облысының жаңартылатын энергия көздерін дамыту әлеуеті жоғары. Бүгінгі таңда облыс жаңартылатын энергия көздерінің қуаты бойынша республикада көш басында. Өңірде жалпы қуаты 278 МВт болатын 21 жаңартылған энергия көздері жұмыс істейді. Оның ішінде қуаты 16 МВт болатын 8 күн электр станциясы және қуаты 262 МВт болатын 13 конденсациялық электр станциясы бар. Ал 2025 жылға дейін қуаты 48 МВт болатын 7 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның ішінде қуаты 8 МВт 4 күн электр станциясы және қуаты 40 МВт болатын 3 конденсациялық электр станциясы іске қосылмақ. Барлық бағыт бойынша әкімдікпен бірлесе жұмыс атқарып жатырмыз», — деді Әлібек Жамауов.
Басқосуда жиналған көпшілік өзекті мәселелерді ортаға салып, вице-министрге ұсыныстарын жеткізді.
Мәселен, жекеменшік компаниялардың өкілдері сұйытылған газ, шекті баға, цифрландыру мәселелерін қозғады.
Әлібек Жамауов бағаны басқа өңірлермен теңестіру бойынша Ұлттық банкпен бірлесе жұмыстар атқарылып жатқандығын жеткізді.
Ал, созақтық тұрғындар ауданда табиғи газ жоқ екенін алға тартса, кентаулықтар жылу, электр энергиясының тарифін төмендету керектігін сөз етті.
Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов пен облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов кездесуде көтерілген барлық мәселелер хаттамаға енгізіліп, заң аясында тиісті шаралар қабылданатынын айтты.
Ал, журналистертермен өткен брифингте Әлібек Жамауов Түркістанда қуаттылығы 500 МВт болатын жылу энерго орталығы салынатындығын жеткізді.
Ал, Кентау қаласына жаңа жылу энерго орталығын салу жоспарға енбеген.
Тек қолданыстағы қазандықтар демеушілер тарапынан жөндеуден өтіп, жылу энерго орталықты табиғи газға қосу ісі атқарылмақ.
Мұнан соң, вице-министр тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.