Түркістанда құны 48 млн теңге болатын 11 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды
АСТАНА. KAZINFORM – Түркістан облысының Жетісай ауданында кадастрлық құны 48 млн теңгені құрайтын 11 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.
Бұл туралы аудан прокуратурасы жер заңнамасының сақталуына жүргізілген талдау қорытындысы бойынша хабарлады.
Прокуратура мәліметінше, тексеру барысында жалпы аумағы 59 гектар болатын игерілмеген, иесіз қалған және заңсыз табысталған 11 жер учаскесі анықталған.
«Прокуратураның қадағалау актісі негізінде жердің пайдаланылуы мен қорғалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын орган сотқа талап арыздар енгізді. Сот актілері негізінде кадастрлық құны 48 млн теңге болатын, жалпы аумағы 59 гектарды құрайтын 11 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды», – деп хабарлады прокуратура.
Сот актілері заңды күшіне енді.
Заң бұзушылыққа жол берген лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Прокуратура мемлекеттік мүддені қорғау және заңсыз табысталған мүлікті мемлекетке қайтару жұмыстары тұрақты бақылауда екенін атап өтті.
Айта кетейік, Түркістан облысында жыл басынан бері мемлекетке қанша жер қайтарылғанын осы жерден оқи аласыз.