Түркістанда мүгедектігі бар 6758 адамның тіркелген мекенжайында тұрмайтыны анықталды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Бүгінде Түркістан облысында мүгедектігі бар 104 313 адам тіркелген. Бұл — өңір халқының 5 пайызы. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда олардың саны 1912 адамға артқан.
Өңірде аудан және қала әкімдіктерінің қатысуымен арнайы жұмыс тобы құрылған. Қазіргі уақытта мүгедектік тағайындаудың негізділігін және азаматтардың техникалық оңалту құралдарына нақты қажеттілігін анықтау мақсатында зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
— Зерделеу нәтижесінде мүгедектігі бар 6758 адамның жүйеде көрсетілген мекенжай бойынша тұрмайтыны анықталды. Оның ішінде 6599-ы тіркелген мекенжайынан басқа жерге көшіп кеткен. Осыған байланысты Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті тиісті жүйеге түзетулер енгізуі қажет. Сонымен қатар 8949 азаматты қайта куәландыру және олардың оңалту құралдарына нақты мұқтаждығы қосымша зерделеуді қажет ететіні белгілі болды, — делінген облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұсынған мәліметте.
Бұдан бөлек, өңірде келесі жылдан бастап мұқтаждық қағидатын кезең-кезеңімен енгізу тетіктерін жетілдіру көзделіп отыр. Осы мақсатта облыс бойынша 500 мыңға жуық отбасының әлеуметтік жағдайына кешенді бағалау жүргізіледі. Мұқтаждық қағидатын енгізу бойынша пилоттық жобаны 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап іске асыру жоспарланған.
Бұған дейін Түркістанда мүгедектігі бар азаматтарға қолжетімсіз 19 нысан анықталғанын жазған едік.